Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Түркияның Ауыл шаруашылығы және орман министрлігі қарасораны өсіру мен бақылауға қатысты жаңартылған регламентті бекітті. Құжат «Ресми хабаршыда» жарияланып, заңды күшіне енді. Ол егіс жүргізуден бастап өнім жинауға дейінгі бүкіл өндірістік циклді қамтып, өсімдіктің мақсатсыз пайдаланылуын болдырмауға бағытталған қосымша шараларды енгізеді.
Регламентке сәйкес, талшық, тұқым және сабағын алу үшін қарасора өсіруге елдің 21 провинциясында, соның ішінде Самсун, Кастамону, Измир, Конья, Ризе және Зонгулдак өңірлерінде рұқсат берілді. Өндіріс белгіленген талаптарды сақтай отырып, аталған провинциялардың өзінде де, олардың аудандарында да жүзеге асырылуы мүмкін.
Құжатта қарасораны медициналық және фармацевтикалық мақсатта өсіру шарттары да жеке көрсетілген. Мұндай өндіріс тек Мемлекеттік астық басқармасына (TMO) қарасты мамандандырылған зауыт аумағында, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің рұқсаты бар ұйымдастырылған аграрлық аймақтарда немесе қауіпсіздігі жоғары нысандарда ғана жүзеге асырылады. Бұл — жабық, күзетілетін әрі климаттық бақылауы бар үй-жайлар.
Косметикалық және қосымша өнімдер жасауға арналған қарасораны өнеркәсіптік және медициналық мақсатта өсіруге рұқсат берілген өңірлерде, ашық алқапта да, жылыжайда да өсіруге болады.
Жаңа ережелер бақыланатын аграрлық өндірісті дамытуға, қарасораның өнеркәсіптік және медициналық қолданылу аясын кеңейтуге, сонымен қатар бұл саладағы мемлекеттік қадағалауды күшейтуге бағытталған.
Бұған дейін Түркияда медициналық каннабисті пайдалануға ресми түрде рұқсат берілгені хабарланған еді.