Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Түркияда 1 грамм алтынның бағасы 80 мың теңгеден асты.
Бағаның күрт өсуіне әлемдік нарықтағы тұрақсыздық пен қауіпсіз активтерге сұраныстың артуы әсер етті, - дейді сарапшылар. Соның салдарынан тұрғындар балама әшекейге бет бұра бастады.
Түркияда алтын бағасында айтарлықтай өсім байқалады. 999 сынамалы 1 грамм алтын 6700 лира, шамамен 80 мың теңгеден саудаланып жатыр. Яғни жыл басталғалы бағалы металл құны 12%-ға артқан. Бұл – бұрын соңды болмаған тарихи көрсеткіш. Бағаның күрт өсуі зергерлік нарыққа да, тұтынушылардың таңдауына да тікелей әсер етіп отыр.
Фикри Каплан, экономист:
- Алтынның қымбаттауына экономикалық және саяси факторлар әсер етіп отыр. 2022 жылдан бері бағалы металл құны тұрақты өсім көрсетуде, бірақ бұл үрдіс қашанға дейін жалғасатыны белгісіз. Әсіресе, АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемелері мен Гренландияға қысым көрсетуі, геосаяси қақтығыстар нарықтағы тұрақсыздықты күшейтті. Экономикалық тұрғыда Жапониядағы carry trade стратегиясы да ықпал етуде. Инвесторлар иенамен арзан несие алып, жоғары табыс әкелетін шетелдік активтерге қаржы құюда. Нәтижесінде алтынға сұраныс артып, оның бағасы өсе түсті.
Алтын бағасының шарықтауына сұраныстың артуы да себеп, - дейді алып-сатарлар. Тұрғындардың қызығушылығы өскен сайын, металл құны да қымбаттап барады. Мысалы, былтыр дәл осы кезеңде алтынның бір граммы 3100 лира, шамамен 35 мың теңге болса, қазір екі еседен асты. Осы себепті нарықта алтынмен қатар күміске де сұраныс артқан. Зергерлер күмісті алтынға балама инвестициялық құрал ретінде бағалайды.
Сейіт Әли Йүксел, зергер:
- Күміс бағасының қолжетімділігіне байланысты жұрт осы бұйымға бет бұрып жатыр. Былтыр күмістің бір грамы 30 доллардан саудаланса, қазір 95 долларға дейін қымбаттады. Кейбіреулер той-жоралғылар үшін күмісті таңдауы мүмкін.
Алтын аспандап, күміс қымбаттаса да, зергерлік дүкен жағалаған халықтың қарасы көп. Өйткені түрік жұрты үшін алтынның орны бөлек. Алтын әшекейлер - той-томалақ, салт-дәстүрдің ажырамас бөлігіне айналған.
Сауалнама:
- «Алтын – түрік мәдениетінің бір бөлшегі. Бұл – ежелден келе жатқан дәстүр. Қалтамыздағы соңғы тиынымызға да бағалы металлды сатып алуға тырысамыз».
- «Баға сұмдық көтеріліп кетті. Өмір сүрудің өзі қымбаттап барады. Дегенмен тойға күміс апару бізге жараспайды. Несие рәсімдесек те, алтын алуға мәжбүрміз».
- «Баға көтерілсе де, мен алтынды таңдаймын. Біріншіден, қалыптасқан әдеттен арылу мүмкін емес. Екіншіден, алтын бағалы металл, сенімді инвестиция. Сондықтан мен одан бас тартпаймын».
Сарапшылардың айтуынша, алтын бағасы әзір арзандамайды. Ал бұл жағдай нарықтағы тұтыну әдетін өзгертіп, күміске деген сұранысты одан әрі арттыруы мүмкін. Демек Түркиядағы зергерлік нарық жаңа кезеңге қадам басқалы тұр.
Авторлары: Ә. Нұрлыбаева, Ж. Сүйіндіков