Түркияда ашылмаған қылмыстарды қайта қарайтын жаңа бөлім құрылады

28.04.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Ведомство тергеу сапасын арттырып, сот жүйесінің жұмысын күшейту үшін жеті жаңа мамандандырылған құрылым жасақтайтынын мәлімдеді. Соның ішінде соңғы жиырма жылда шешімін таппай қалған істерді қайта қарап, ілгерілетумен айналысатын арнайы басқарма құрылады.

Әділет министрі Ақын Гүрлек жаңа бөлімдердің қызмет аясы кең болатынын айтты.

Оның сөзінше, олар терроризм мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылдан бастап, цифрлық құқықбұзушылықтар, қаржы саласындағы қылмыстар және төтенше жағдайлардың салдарын зерттеуге дейінгі бағыттарды қамтиды. Сонымен қатар сот сараптамасы, қоғамдық қауіпсіздік және киберқауіпсіздік бойынша жеке бағыттар қарастырылған.

Реформа аясында көптен бері ашылмай келе жатқан істерге басымдық беріледі. Қазірдің өзінде 2006–2026 жылдар аралығындағы 122 кісі өлтіру фактісі қайта қаралып жатыр. Олардың ішінде әлі ашылмаған, бұрын тоқтатылған немесе тергеуі жалғасып жатқан істер бар.

Ресми дерекке сәйкес, осы кезеңде 278 адам өлтіру дерегі ашылмаған күйінде қалған.

Тергеу барысында қоғамда үлкен резонанс тудырған істерге, әсіресе әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстарға ерекше мән беріліп отыр. Солардың бірі – студент Гүлистан Докудың жоғалып кетуі. Бұл іс қайта қозғалып, қазір оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іс бойынша 15 адам ұсталып, 11-і қамауға алынған.

Бұдан бөлек, Гиресун провинциясында көз жұмған 11 жастағы Рабия Наз Ватанның өлімі де қайта тексерілу үстінде. Бұл істе парламенттік тергеу материалдары пайдаланылмақ. Сондай-ақ Ван провинциясында жоғалып, кейін мәйіті табылған 21 жастағы студент Рожин Кабайышқа қатысты іс те қайта қаралып жатыр.

Билік бұл бастама сот жүйесінің ашықтығын арттырып, оның тиімділігін күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Ал ескі істерді қайта тергеу қоғам сенімін нығайтудың маңызды қадамы ретінде бағаланып отыр.

Айта кетейік, осыған дейін Түркияда әлеуметтік желіде мектептерге шабуыл жасаймыз деп қорқытқандарға қатысты тергеу басталғаны туралы жаздық.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью