Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Түркия халқының қартаю үдерісі жеделдеп келеді. Түркияның статистика институты (TÜİK) жариялаған «Қарттар статистикасы – 2025» бюллетеніне сәйкес, елде 65 жас және одан жоғары жастағы азаматтардың саны 9 миллион 583 мың адамға жеткен.
Соңғы бес жыл ішінде бұл көрсеткіш 20,5%-ға артты. Нәтижесінде қарттардың жалпы халық санындағы үлесі 9,5%-дан 11,1%-ға дейін өсті.
Статистика деректеріне қарағанда, қарт тұрғындардың жартысынан астамы – әйелдер. Олардың үлесі 55,3%-ды құраса, ерлердің үлесі 44,7%-ды құрайды.
Сонымен қатар елде халықтың медиандық жасы да өсіп келеді. Бұл көрсеткіш халықты жасына қарай тең екі бөлікке бөледі: бір бөлігі осы жастан кіші болса, екінші бөлігі үлкен болады. Егер 2020 жылы Түркияда медиандық жас 32,7 жасты құраса, 2025 жылға қарай ол 34,9 жасқа дейін артқан.
Сарапшылардың пікірінше, қарттар санының артуы – елдегі негізгі демографиялық үрдістердің бірі. Бұл алдағы онжылдықтарда денсаулық сақтау жүйесіне, әлеуметтік қамсыздандыру саласына және еңбек нарығына елеулі әсер етуі мүмкін.
Бұған дейін елде әйелдер халықтың шамамен жартысын құрайтыны хабарланған еді. Сонымен қатар Түркияда әйелдердің білім деңгейі өсіп, олардың саясаттағы және еңбек нарығындағы қатысуы біртіндеп артып келе жатқаны байқалады.
Айта кетейік, бұған дейін Түркия біртіндеп пластиктен бас тартпақшы екенін жазған едік.