Түркияда нөсер жауыннан соң бірнеше провинцияны су басты

09.04.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Елдің оңтүстік және орталық бөліктерінде жауын-шашынның күшеюі тұрғындарға айтарлықтай қиындық туғызды. Хатай провинциясының Антакья ауданында түнде басталған жаңбыр таң ата үдей түсіп, көшелер мен жолдарды су басты. Жол үстіне жиналған су салдарынан кейбір көліктер қозғала алмай, оларды өрт сөндірушілер арнайы техниканың көмегімен алып шықты. Қазір зардап шеккен аумақтарда су сору және тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Османие провинциясында да ахуал күрделі. Нөсерден кейін көшелерді су басып, көлік қозғалысы қиындады, ал маңызды жерасты өткелдерінің бірі уақытша жабылды. Су тұрғын үйлерге, кәсіпкерлік нысандарға және жертөлелерге кірген. Коммуналдық қызметтер апат салдарын жою жұмыстарын бастап кетті.

Түркияның отбасы және әлеуметтік қызметтер министрі Махинур Өздемир Гөктәш мемлекеттік органдар жағдайға жедел ден қойғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Кадирли ауданындағы зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 2 миллион лира (шамамен 22 млн теңге) бөлінген. Алдын ала дерекке сәйкес, 200-ден астам тұрғын үй, ондаған кәсіпкерлік нысан мен көлік бүлінген. Сонымен қатар екі адамның қаза болғаны анықталды. Құтқару және қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін тұрғындарға психологиялық көмек көрсетіледі.

Йозгат провинциясының Ақдагмадени ауданында Гөнделен аңғарындағы өзен арнасының тасуы салдарынан ауылішілік жолды су басты. Су тасқыны тұрғын үйлер мен шаруашылық құрылыстарға зиян келтірді. Төтенше қызметтердің араласуынан кейін жол қозғалысы қайта қалпына келтірілді. Алайда нақты шығын көлемі әлі есептелген жоқ. Жергілікті тұрғындар мүліктерін қорғап, малдарын аман сақтап қалуға өз күштерімен әрекет жасаған.

Билік өкілдері табиғи апат салдарымен күрес жұмыстарын жалғастырып, тұрғындарды ауа райының қолайсыз кезеңінде сақ болуға шақырып отыр.

Осыған дейін Түркияның Османие қаласында сел жүріп, екі адам көз жұмғаны туралы жаздық.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью