Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
АЛМАТЫ, 16 қазан - Sputnik. Астанада пәтер алаяқтығына қатысы бар деген күдікпен 19 адам тергелді. Құрамында полиция қызметкерлері де бар, деп хабарлайды Бас прокуратура.
Тергеу мәліметінше, "Төленді" тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқарған ер адам 1,5 мың үлескердің 10 млрд теңгесін жымқырудың қылмыстық жолын ұйымдастырған. Осы қылмысы үшін ол 2016 жылы 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Кейін Астана қаласы әкімдігінің қатысуымен тұрғын үйлердің құрылысы аяқталған. Пәтерлердің бір бөлігі көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, мүгедектігі бар адамдарға және әлеуметтік жағынан осал топтағы өзге де азаматтарға берілуге тиіс болған. Бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққаннан кейін А. Байжұманов сыбайластарымен бірге аталған пәтерлерді иемденудің жаңа айласын ойластырған.
"Ол үшін шын мәнінде үлескер болмаған және пәтер сатып алмаған азаматтардың атына кооперативке жарна төлеу туралы жалған шарттар жасалып, құжаттар өткен күнмен рәсімделген. Осы жалған үлескерлердің атынан құқық қорғау органдарына алаяқтық жасалғаны туралы арыз түсірген. Соның негізінде қылмыстық іс қозғалып, "үлескерлер" жәбірленуші деп танылған. Қылмыстық топ сот шешімін пайдаланып, пәтерлерді өз аттарына рәсімдеуді, кейін оларды өзге адамдарға сатып, түскен ақшаны өзара бөлісуді көздеген", - делінген хабарламада.
Тергеу барысында қылмыстық әрекетке 80-нен астам жалған үлескердің тартылғаны анықталды. Олардың атына 170 жылжымайтын мүлік нысанын рәсімдеу жоспарланған.
Осылайша жалпы құны 4,4 млрд теңгеден асатын пәтерлерді заңсыз иемдену әрекетінің жолы кесілді.
"Қылмыстық топ мүшелерінің әрқайсысына нақты міндет жүктелген. Бірі жалған үлескерлерді тауып, олардың атына жалған шарттар рәсімдесе, енді бірі сол шарттарды өзге азаматтарға сатып, қылмыстық істердің жүргізілуіне ықпал еткен", - дейді прокуратура.
Қылмыстық топ кооперативке жарна төлеу туралы жалған шарттарды азаматтарға сатқан. Соның салдарынан тұрғындарға 400 млн теңгеден астам шығын келген.
Сонымен қатар бұл іске полиция қызметкерлерінің де қатысы бары анықталды. Лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану және дәлелдемелерді бұрмалау деректері бойынша тергеу басталды.
Іс бойынша 19 адам күдікті деп танылып, олардың тоғызы қамауға алынды.
Күдіктілердің жалпы құны 250 млн теңгеден асатын мүлкіне тыйым салынды.
Сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қылмыстық процеске қатысушы тараптар іс материалдарымен танысуға кірісті.