Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев "сұр" автодилерлердің қызметіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, заңсыз схемалармен жұмыс істейтін және қауіпті автокөліктерді сататын саудагерлерді анықтап, олардың қызметіне тосқауыл қою және жауапқа тарту қажет, деп хабарлайды Tengri Auto.
Журналистер министрден автокөліктерді сертификаттау саласындағы алдағы өзгерістер "сұр" дилерлердің жұмысына шектеу қойып, сатып алушыларды арзан ұсыныстардан айырмай ма деп сұрады.
Бұған жауап ретінде Шаққалиев заңсыз саудагерлердің автокөлік сатумен айналысуға құқығы жоқ екенін мәлімдеді.
"Заңсыз жұмыс істейтін "сұр" автодилерлердің көлік сатумен айналысуға мүлдем құқығы болмауы тиіс. Біз неге екені белгісіз, оларды "көліктері арзанырақ" деп ақтауға тырысамыз. Бірақ көп жағдайда бұл VIN-кодтары өзгертілген, ауыр жол-көлік оқиғасына ұшыраған, аударылған, сырттай жаңа сияқты етіп жөндеуге болатын көліктер туралы болып отыр. Ал мұндай көліктердің кесірінен жолдарда адамдар қаза табуы мүмкін екенін неге ұмытамыз? Мұндай схемалардың жолын қатаң кесу керек. Оларды ұйымдастырушыларды анықтап, жауапқа тартып, қызметтерін тоқтату қажет", - деді министр.
Сауда министрлігі басшысының сөзінше, Үкіметтің мақсаты - автокөлік импортын шектеу немесе ресми дилерлерге артықшылық беру емес, жол қауіпсіздігін арттыру.
Ол статистика бойынша жол апатына көбіне пайдалану мерзімі ұзақ, сондай-ақ құрылымы өзгертілген, мысалы, оң жақ рөлі сол жаққа ауыстырылған көліктер жиі түсетінін атап өтті. Оның айтуынша, осы себепті билік жолдағы әлеуетті қауіпті автокөліктерді азайту үшін нарықтағы тәртіпті реттеуді көздеп отыр.
Сонымен қатар Шаққалиев Қазақстан ұлттық талаптарды Еуразиялық экономикалық одақ ережелеріне сәйкестендіріп жатқанын атап өтті. Бұдан бөлек, "сұр" сәйкестік сертификаттарын берумен де күрес жүргізіліп жатыр.
Министрдің айтуынша, осы себепті автокөліктерді сертификаттау кезінде сынақты қағаз жүзінде ғана өткізген немесе жалған мәліметтерді пайдаланған жеті сынақ зертханасының жұмысы тоқтатылды.
"Біз жеті зертхананы, былайша айтқанда, жойып жібердік, оларға жұмыс беруді тоқтаттық. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастырамыз", - деп мәлімдеді ол.
Бұл ретте министр алдағы өзгерістер азаматтардың шетелден көлікті өз бетінше сатып алу мүмкіндігін шектемейтініне сендірді.
"Сұр" дилерлердің жағдайы не болмақ?"Көлік құралын сатып алғысы келетін жеке тұлғалардың әрқашан таңдау құқығы болады", - деп түйіндеді Шаққалиев.
Еске сала кетейік, премьер-министр Олжас Бектенов 10 күн ішінде Қазақстанға автокөліктерді заңсыз әкелуге қарсы іс-қимыл шаралары кешенін әзірлеуді тапсырған болатын.
Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі Ерсайын Нағаспаев алдағы он күнде автокөліктің "сұр" импортымен күресу бойынша ешқандай жаңа ереже енгізу жоспарланбағанын мәлімдеген еді.
"Барлық шара қазір де бар. Мұның бәрі жазылған, барлық құжат қабылданған. Он күн ішінде қосымша құжаттар қабылдамаймыз. Құқықтық тұрғыдан мәселе шешілген. Тек нормативтік-құқықтық актілерде көрсетілген нормаларды әкімшілендіру мен орындау мәселесі шешілмеген", - деді Нағаспаев Үкіметте өткен брифингте.
Тағы оқыңыз: Көлікті “сұр“ немесе ресми дилерлерден сатып алу: сарапшы пікірі
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу