Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Алайда бүгінгідей өркениет көші өрге өрістеген заманда қоршаған ортаның қазынасы да сарқыла бастады. Әсіресе бұл электр энергиясы саласында айқын байқалады. Осыған орай әлем ғалымдары жылда баламалы электр көздерін табуға күш салып келеді.
Бұл бағытта Жамбыл облысында да толайым тірліктер атқарылуда. Мәселен, өңірде күн, жел және су арқылы электр энергиясын алуға Табиғат-Ананың өзі қолайлы жағдай тудырған. Есесіне, бұл инвесторларды өңірге лек-легімен ағылдырып жатыр. Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, жаңартылатын энергия көздері нысандарын салу аймақта 2010 жылдан бері жанданып келеді екен.
Атап айтсақ, 2010 жылы қуаты 2 МВт құрайтын 2 ЖЭК нысандары пайдалануға берілсе, 2015 жылы қуаты 114 МВт құрайтын 9 нысан, 2021 жылы қуаты 387,8 МВт құрайтын 17 нысан және 2024 жылы қуаты 571,3 МВт құрайтын 22 нысан іске қосылған. Нәтижесінде, қазір облыста жалпы қуаты 571,3 МВт құрайтын жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысаны ел игілігіне қызмет етуде. Олардың 6-уы су электр станциясы болса, 10-ы жел электр станциясы. Ал тағы 6-уы – күн электр станциясы.
Бұл ретте Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан республика көлемінде көш ілгері келеді. Кейінгі 5 жылдың өзінде облыста ірі және кіші қуатты бірнеше жоба жүзеге асқан. Мәселен, 2021 жылы өңірдегі ірі жобалардың бірі – құны 49 млрд теңгені құрайтын қуаты 100 МВт «Жаңатас» жел электр станциясы пайдалануға берілсе, қуаты 9,2 МВт құрайтын «Тасөткел» су қоймасындағы су электр станциясының 2-ші кезегі іске қосылды.
Сондай-ақ 2022 жылы Жамбыл ауданындағы қуаты 50 МВт AEC ASA күн электр станциясы және Талас ауданында жалпы қуаты 13,5 МВт құрайтын «Шенгелді», «Шенгелді-2» және «Новатэкс ЖЭС 3» жел электр станциясы жобасының құрылысы аяқталды.
Ал 2024 жылы Сарысу ауданындағы жалпы қуаты 100 МВт құрайтын «Шоқпар ЖЭС» электр станциясы электр энергиясын өндіре бастады. Бұл, әрине, жанға жылу беретін жобалар. Өңір бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандырып, тағы 2 ірі жобаның бойына жан үрлеуде. Атап айтсақ, Мойынқұм ауданында франциялық Total Eren компаниясының демеушілігімен қуаты 1 ГВт құрайтын жел электр станциясын салу көзделуде. Жоба толықтай 2028 жылы жүзеге асады деп күтілуде. Бұдан бөлек, Сарысу және Талас аудандарында Біріккен Араб Әмірлігінің Masdar компаниясы қуаты 1 ГВт-ты құрайтын жел электр станциясы жобасын жандандыруда. Станция 2029 жылы толықтай қуатты күшіне шықпақ.
Сонымен қатар өңірде күн, жел және су электр станцияларын орналастыру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға де-йін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленген.
Жоспарға сәйкес, 2028 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 2,5 гигаватт қуатымен 24 нысанға дейін жеткізіледі деп болжануда.
Тағы бір ерекше атап өтерлігі, облыста тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп, одан электр энергиясын алу жобасы жүзеге асырылуда. For You Energy ЖШС тәулігіне 900 тоннаға дейін тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу және 15 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіру бойынша 150 миллион долларлық жобаны жандандыруда. Жобаның негізгі мақсаты – тұрмыстық қатты қалдықтар мен полигон қалдықтарын өңдеуге арналған заманауи кешен салу, одан бір мезгілде электр энергиясын өндіру, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарына қоршаған ортаға әсерді азайту және жасыл энергия нысандарын дамыту. Осылайша жаңа электр станциясына облыста жиналған тұрмыстық қатты қалдықтар, сондай-ақ қолданыстағы қатты қалдықтар шикізат базасы ретінде пайдаланылмақ. Бүгінде аталған электр станциясына аймақтық үйлестіру кеңесінің шешімімен Тараз индустриалды аймағынан 10,5 гектар жер учаскесі бөлініп отыр.
Әрине, бұл жобалардың жандануы экологиялық қауіпсіздік қалқанын құрып қана қоймай, өңірді сапалы электрмен жабдықтауға және «жасыл» энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызатыны анық. Ал оның артында ел келешегі тұрғаны тағы айқын.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы