Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Алдымен үшінші қайтара газ жарылған Пришахтинскіге назар салайық. Бірінші оқиға бұдан 10 жыл бұрын, 2016 жылы болды. Төтенше жағдайлар департаменті көпқабатты үйдің төртінші қабатында орналасқан пәтерде газ қоспасының жарылғаны (5 литрлік газ баллон) туралы ақпарат таратты. Жарылыс салдарынан бөлмелердің қабырғасы, ас үй, жуынатын бөлме, дәліз және қонақ бөлмесінің жарты қабырғасы құлаған.
Қатты жарылыстан бесінші қабаттағы пәтердің арасын бөліп тұратын қабырға құлап, терезелері сынған. Оқиғадан үш адам зардап шекті.
Дәл осындай жағдай арада бес жыл салып, 2021 жылы наурыз айында тіркелген еді. Газ баллоны жарылып, бір адам зардап шекті. Тұрғындар эвакуацияланып, бірнеше сағатқа электр жарығы сөнді. Бұған қоса, жылу құбыры жарылып, пәтерлерді су басты. Құтқарушылар зардап шеккен адамнан басқа тағы 25 адамды эвакуациялады. Жарылысқа газ баллонына қосылатын редуктордың дұрыс істемеуі себеп болған.
Ал үшінші оқиға жақында ғана тіркелді. Ер адам газ баллонын қасақана жарып, сегіз адамды жаралады. Дерекке сүйенсек, ақпан айында әйелі ауырып көз жұмған соң қатты күйзеліске түскен азамат екі бөлмелі пәтерде қызымен бірге тұрып жатқан. Түнде тұрғындар ұйқыға кетерде көршілер газ иісі келгеннен кейін, құтқарушылар мен полицейлерді шақырады. Сөйтсе, төртінші қабаттағы тұрғын газды қосып, «бәріңді өлтірем» деп айқайлаған.
Сақшылар тұрғындарды эвакуациялап үлгерді. Айтқанынан қайтпаған 40 жастағы дәнекерлеуші сіріңкені әдейі жаққан. Қазір аталмыш жайтқа қатысты бірнеше баппен қылмыстық іс қозғалды. Ал жарылыс жасаған азамат, тағы екі тұрғын және эвакуациялау кезінде жарақат алған бес полицей ауруханаға түсті.
Мұндай оқиғалар жиілеп кеткен уақытта, 2023 жылы Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов қала тұрғындарына көпқабатты үйде газ баллонын пайдалануға тыйым салынатынын айтқан болатын. Қауіпсіздік үшін газ баллонын емес, электр пешін пайдалануға шақырды. Тұрғын үй инспекциясы мамандары, аудан әкімдіктерінің өкілдері, төтенше жағдай қызметкерлерінен жасақталған мобильді топ көше кезіп кеткен күндер де болды. Олар үйді-үйді аралап, өрт қауіпсіздігін және 2 қабаттан жоғары көппәтерлі үйлерде газ баллондарын сақтауға және пайдалануға жол бермеуді түсіндіруге көшті. Газ баллонын пайдаланып отырған қала тұрғындарын әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салынды.
Келесі жылы, яғни 2024 жылғы 30 қаңтарда Бұқар жырау ауданы Ботақара ауылында 2 қабатты, 12 пәтерлі тұрғын үйде жарылыс болды. Үйдің шатыры, қабырғасы мен едені, соның ішінде бірінші қабаттағы пәтерлер толығымен құлады. Апаттық-құтқару жұмыстары кезінде үйінділерден қаза тапқан екі адам және жарақат алған бес адам табылды.
Иә, аймақта көпқабатты үйде газ балонын пайдалануға рұқсат жоқ. Бірақ электр пешіне көшуге тұрғындар асығар емес. «Тыйым салса да, тиын санаймыз» дегендер газ арзанға түсетінін алға тартып жүр.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы