Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Атырауда орын алған қайғылы оқиғаға байланысты кісі қолынан қаза тапқан ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның жақындары күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев ұсталғаннан кейін алғаш рет БАҚ өкілдеріне пікір білдірді. Бұл туралы turkystan.kz хабарлады.
Марқұмдардың туыстарының сөзін тележурналист Жанат Жақсыбайқызы әлеуметтік желі арқылы жариялаған. Қайғы жұтқан отбасы өкілдері өздерінің жанайқайын жасырмай жеткізген.
Туыстарының айтуынша, әлі күнге дейін із-түзсіз кеткен Наурыз бен Мейрамгүлдің тірі табылуына үміт азайғанымен, ең болмаса сүйектері табылып, жер қойнына тапсыруға мүмкіндік болса екен деген тілек бар.
"Жүрегімізбен тірі оралар деп сенгіміз келеді. Бірақ уақыт өткен сайын үміт сөніп барады. Күдікті олардың қайда екенін айтып берсе екен дейміз. Ішіміз қан жылайды. Мейрамгүл де, Наурыз да ешкімге жамандық жасамаған жандар еді. Наурызжан қолдан келген көмегін ешкімнен аямайтын. "Қандай көмек керек?" деп әрдайым дайын тұратын. Туыстарына да, айналасындағы адамдарға да қолындағысын бөлісіп жүретін. Ешкіммен жанжалдасқанын көрмедік. Ал Мейрамгүл мінезі ашық, баладай аңғал жан болатын", – дейді марқұмның туысы.
Еске сала кетейік, Атырау облысында болған қос кісі өлтіру дерегі бойынша күдікті Индонезияда қолға түскен. Қазақстан Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері шетелдік әріптестерімен бірлескен операция нәтижесінде Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен ер адамды ұстаған.