Уәде етіп, ұмытып кетті : Көкталда жаяу өткел әлі салынбаған

04.08.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

АЛМАТЫ, 4 тамыз – Sputnik. Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Көктал ауылындағы тасжолда жаяу өткел әлі салынбаған. Тұрғындар жолды кесіп өтуге мәжбүр болып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Алматы – Қорғас тасжолы ауылды екіге бөліп тастаған. Соның салдарынан тұрғындардың мектебі мен мешіті жолдың арғы бетінде қалған. Қазір ауыл тұрғындары көлік көп жүретін күре жолдан жүгіріп өтіп, темір қоршаулардан аттап жүр.

Сәуір айында көкталдықтар бұл мәселені Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып, көмек сұраған болатын. Осыдан кейін ауылға жауапты мекеме өкілдері келіп, жаяу жүргіншілер өткелін салуға уәде берген. Алайда бірнеше ай өтсе де, мәселе шешімін таппаған.

"Бұрын бір ауыл едік, қазір Достық пен Көктал болып екіге бөлініп қалдық. Мешітке, басқа да жерлерге өту қиындады. Үлкен кісілер темір бөгеттерден әзер өтеді. Жолда жылдамдықты азайтатын белгі де, жаяу жүргінші жолы да жоқ. Көпір салынбайтынын айтты. Ал жаяу жүргіншілер жолы салынады деген еді, әлі жоқ", – дейді Көктал ауылының тұрғыны Серік Айнақұлов.

Көктал ауылы Қайнар ауылдық округіне қарайды. Ауыл әкімдігі де тұрғындардың мәселесі өзекті екенін айтып, облыстық полиция департаментіне ұсыныс хат жолдаған.

© Sputnik / Айдана ДайыроваАлматы облысы Талғар ауданына қарасты Көктал ауылы

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Көктал ауылы

© Sputnik / Айдана Дайырова

Қайнар ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Қуат Бекзаттың айтуынша, 24 шілдеде полиция департаментіне жолданған хатқа 3 тамызда жауап келген.

"Алматы – Қорғас жолындағы көлік қозғалысы өте жоғары. Сондықтан жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жарықтандыру жүргізіп, жаяу жүргіншілер жолағын салу қажет деген ұсыныс берілді", – деді ол.

Ауылдық округ әкімі Нұрбол Есенбаевтың айтуынша, егер тиісті рұқсат берілсе, мәселені өздері шешуге дайын.

"Жаяу жүргіншілер жолын салуға рұқсат берсе, өзіміз жасап қояр едік. Бірақ әзірге рұқсат жоқ. ҚазАвтоЖолдан нақты жауап күтіп отырмыз", – деді әкім.

Sputnik Қазақстан тілшісі бұл мәселеге байланысты ҚазАвтоЖол компаниясына да хабарласты. Компания өкілдері мәселе жақын арада шешілетінін айтты.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью