Уағыздың орнына у ағызады : депутат теріс ағымдардың күшейіп бара жатқанын мәлімдеді

08.04.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

АСТАНА, 8 сәуір – Sputnik. Депутат Қазыбек Иса теріс діни ағымдардың күшейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілістің бүгінгі отырысында Иса бас прокуратура мен ұлттық қауіпсіздік комитетіне депутаттық сауал жолдап, "уағыздың орнына у ағызатындарды" тыюды талап етті.

"Ұлтты ұйыстыратын, жұртты көркем мінезді имандылыққа шақыратын уағыздың орнына у ағызып, ұлтқа қарсы шығып отырғандарды қалай ұстаз деуге болады? Уағызды кім көрінген айту қашан тоқтайды? Оларға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қандай шешім, қандай бәтуа шығарып отыр?",-дейді Иса.

Оның айтуынша, асыл дініміз исламды ең қауіпті ағымға айналдыру үшін барын салып жатқандар қайтадан күшейіп келеді.

"Терісін ауыстырып алған теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз майданда мыңдаған жастарымызды қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, ұлтты жою үшін қазаққа қарсы қауіпті күштерге айналдырып жатыр", - деп атап өтті депутат.

Осы орайда ол Испанияның тәжірибесін еске салды. Ол жақта Құранға немесе Мұхаммед пайғамбарға тиіскендерді заңды түрде түрмеге жауып тастайды.

"Ал біздің құдайдан қорықпайтындар желілерде желігіп, Аса Құдыретті Алланы, қасиетті Құранымыз бен пайғамбарларды мазақ етіп, ауыздарына келгенін айтуда. Исламға қарсы белсенділік танытып, ұлттық санаға манипулияция жасауға тырысып, діни сенім мен құндылықтарға күмән туғызуда", - деді Иса.

Ал мемлекет мұндай қауіптерге қарсы әрекет етпесе, арты әлеуметтік қақтығыстарға, экстремистік әрекеттерге, қоғамдық тұрақсыздыққа алып келеді.

"Қауіп төніп тұрғанда заң арқылы шара қолдану – ең дұрыс шешім. Заңмен тыйым салу – бұл бостандықты шектеу емес, қауіптің алдын алу. Бұл – дінге қарсы емес, керісінше, дінді қорғау үшін теріс мақсатты ұйымдарға қарсы бағытталған шара", - дейді депутат.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью