ҰБТ бір рет қана тапсырылады: министр негізгі себебін түсіндірді

26.05.2026

Sputnik.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

АСТАНА, 26 мамыр – Sputnik. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек келесі жылдан бастап грантқа түсу үшін неліктен ҰБТ-ны бір-ақ рет тапсыру мүмкіндігі берілетінін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазіргі таңда мектеп түлектері негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жоғары нәтижені грантқа өтініш беру кезінде пайдалана алады. Алайда келесі жылдан бастап мұндай мүмкіндік болмайды.

Министрдің айтуынша, бұл шешімнің бірнеше себебі бар.

"Біріншіден, алдағы уақытта мектеп түлектерінің саны артады. Мысалы, биыл шамамен 215 мың түлек мектеп бітіріп отыр. Ал бірнеше жылдан кейін бұл көрсеткіш жарты миллионға дейін жетеді. Сол кезде ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге кететін уақыт айтарлықтай көбейеді. Екіншіден, қазіргі талдау нәтижесі бойынша ҰБТ-ның бірінші және екінші тапсыру нәтижелерінің айырмашылығы үлкен емес. Соңғы үш жылда екі мүмкіндік арасындағы айырмашылық айтарлықтай байқалмайды", - деді Нұрбек үкіметтегі брифингте.

Сонымен бірге министр негізгі ҰБТ бір рет тапсырылса да, байқау сынағын бірнеше рет тапсыруға болатынын атап өтті. Бұл түлектерге өз білімін тексеруге және психологиялық тұрғыда дайындалуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бүгін министр келесі жылдан бастап "өсетін баланы" анықтайтын тест енгізілетінін де айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью