Sputnik.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
АСТАНА, 28 қазан – Sputnik. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының учаскелік қызметіндегі 77 мың қызметкерге қосымша ақы төленеді, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Ведомство мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттер" атты халыққа жолдауында айтқан тапсырмасын еске салды.
"Үкіметке келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын көбейтуге мүмкіндік береді", – деп министрлік президент мәлімдемесінен үзінді келтірді.
Министрлік қосымша төлемнің нақты мөлшеріне қатысты мәлімет берді. Оның көлемі үздіксіз еңбек өтіліне байланысты белгіленіп, лауазымдық жалақының 50 пайызына дейін жетуі мүмкін.
Қосымша ақының мынадай мөлшері ұсынылып отыр:
2 жылдан астам үздіксіз еңбек өтілі үшін – лауазымдық жалақының 20%-ы;
3 жылдан астам еңбек өтілі үшін – 30%-ы;
5 жылдан астам еңбек өтілі үшін – 50%-ы.
Үздіксіз еңбек өтілі үшін қосымша ақы енгізілгеннен кейін ауылдық жерлердегі еңбек өтілі ең жоғары жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы қосымша төлемді есептегенде 760 мың теңгеге, ал қалаларда 607 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Ауылдық жерлерде еңбек өтілі ең жоғары жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 534 мың теңгеден 760 мың теңгеге дейін, ал орта медицина персоналының жалақысы 284 мың теңгеден 401 мың теңгеге дейін өсуі ықтимал.
Қалаларда еңбек өтілі ең жоғары жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 425 мың теңгеден 607 мың теңгеге дейін, ал орта медицина персоналының жалақысы 224 мың теңгеден 318 мың теңгеге дейін артуы мүмкін.
Ең аз еңбек өтілі бар мамандардың еңбекақысын арттыру да көзделген. Ауылдық жерлерде жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 386 мың теңгеден 450 мың теңгеге дейін, ал орта медицина персоналының жалақысы 221 мың теңгеден 256 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Қалаларда еңбек өтілі ең аз жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 307 мың теңгеден 358 мың теңгеге дейін, ал орта медицина персоналының жалақысы 173 мың теңгеден 202 мың теңгеге дейін көтерілуі ықтимал.
Бұдан бөлек, алғашқы медициналық көмек буынында жұмыс істейтін психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерге де қолдау көрсету ұсынылып отыр.
"Олардың қызметінің ерекшелігін ескере отырып, психоэмоциялық жүктемесі үшін қосымша ақы енгізу мәселесі қарастырылуда", – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.