Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
АСТАНА, 6 қараша – Sputnik. Парагвай президенті Сантьяго Пенья Ueno Bank төңірегіндегі жанжал аясында отставкаға кететінін мәлімдеді.
"Біздің республика әрқашан кез келген адамнан немесе жағдайдан жоғары тұруға тиіс... Мен ел президенті қызметінен кету туралы шешім қабылдадым. Бұл шешімді еліміздің тұрақтылығы мен қоғамдағы тыныштықты сақтау мақсатында қабылдадым", – деді ол X әлеуметтік желісінде жарияланған бейнеүндеуінде.
Президент кейбір сәттерде халықтың сенімін ақтай алмағаны үшін кешірім сұрайтынын.
"Ең бастысы азаматтардың ақшасын қайтаруға кепілдік берілгенін қалаймын", – деп толықтырды Пенья.
Банк салымшылары ақшасын қайтаруды және банкке қатысты жағдайға кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп, көшеге шықты. Зардап шеккен салымшылардың саны шамамен 3 миллион адамды құрайды (Парагвай халқының саны – 7 миллион).
Олар сондай-ақ президенттің отставкаға кетуін талап етті. Наразылық акциялары полициямен қақтығысқа ұласты.
"Конгресс ғимараты маңында наразылық білдірушілер мен полиция арасында қақтығыстар болып жатыр... Шерушілер Ұлттық конгресс жанындағы полиция қоршауын бұзып өтуге әрекет жасады", – деп хабарлайды жергілікті БАҚ.
Бұл уақытта ел конгресінде президенттің отставкаға кетуі туралы мәселе қаралды. Ол бұл шешімін бейсенбі күні бұған дейін жариялаған болатын. Алайда парламент депутаттары шешім қабылдау үшін қажетті кворум жинай алмады.
Парагвайдың Орталық банкі Ueno Bank-ке қатысты жағдайды реттеу рәсімін бастады. Бұған банктің төлем қабілеттілігі коэффициентінің ең төменгі қажетті деңгейдің 50%-ынан төмен түскені себеп болған.
Бұдан бөлек, оппозиция президентке қатысты заңсыз баю, ықпалын теріс пайдалану және қаражатты мақсатсыз пайдалану айыптары бойынша қылмыстық іс қозғау туралы арыз берді. Ueno Bank президент Пенья өткен жылға дейін акционері болған бизнес-топтың құрамына кірген.