Уганданы 40 жыл басқарған Йовери Мусевени қайта президент болып сайланды

18.01.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Уганданы 1986 жылдан бері басқарып келе жатқан 81 жастағы Йовери Мусевени 15 қаңтарда өткен жалпы сайлауда шамамен 70% дауыс жинап, президент болып қайта сайланды.

Уганда сайлау комиссиясы жергілікті баспасөзде сайлау нәтижелерін жариялады.

Дауыс беруге халықтың 52,9% қатысып қазіргі президент Мусевени 8 миллионға жуық дауыс жинады.

Мусевени 1986 жылдан бері билікте

Угандадағы сайлау науқаны алдында интернетке қол жеткізу және қауіпсіздік шаралары дау тудырды.

Байланыс комиссиясы (UCC) елдегі барлық интернет-провайдерлерге жалған ақпараттың, сайлаудағы алаяқтық пен онлайн зорлық-зомбылыққа шақырудың таралуына жол бермеу қажеттілігін алға тартып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін интернет қызметтерін тоқтатуды бұйырды.

Оппозиция мен құқық қорғаушылар бұл шешім журналистер мен белсенділердің жұмысын қиындатқанын айтты.

Елде 2021 жылы өткен президенттік сайлау кезінде интернетке қолжетімділік кем дегенде бір аптаға үзіліп, сайлау процесіне қарсы наразылықтар кезінде ондаған адам қаза тапты.

1986 жылдан бері билікте болған Мусевени жетінші мерзімге сайланды және мерзім шектеулері мен жас шектеулерін алып тастаған конституциялық өзгерістердің арқасында бұл процеске қайтадан қатысуға рұқсат алды.

81 жастағы Мусевени Африкадағы ең ұзақ қызмет еткен көшбасшылардың бірі. Соңғы жылдары оның билігі әскери күштерге көбірек сүйенеді.

Армияны президенттің ұлы Мухоси Кайнеругаба басқарады.

Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Еуропа Одағы (ЕО) және әртүрлі халықаралық ұйымдар да сайлауды мұқият қадағалап отырғандарын айтып, қауіпсіздік жағдайы мен негізгі құқықтардың сақталуына алаңдаушылық білдірді.

Шамамен 45 миллион халқы бар Угандада 21,6 миллиондай сайлаушы тіркелген.

Осыған дейін Орталық Африка Республикасында тарихи сайлау өтіп жатқаны туралы жарияладық.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью