Үйде өзіміз емдейміз деп ойладық : Ақмолада қайнаған суға күйген 5 жасар бала өлім аузынан аман қалды

08.10.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Алайда ата-анасының баланы өздері емдеуге тырысуы оның жағдайын одан әрі ауырлатқан. Дәрігерлердің айтуынша, бала ауруханаға түскенде терең күйікпен қатар, дұрыс жүргізілмеген емнің зардабын да арқалап келген, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Оқиға Ерейментау ауданына қарасты Селеті ауылында болған. Кішкентай бала ойнап жүріп, үстіне қайнаған су төгіп алған. Дереу медициналық көмекке жүгінудің орнына, отбасы алғашқы күндері баланы үйде емдеуге тырысқан. Күйген жеріне сабын жағып, түрлі майлар қолданған. Үш күннен кейін баланың жағдайы күрт нашарлаған. Содан кейін ғана шұғыл көмек шақырылып, бүлдіршінді медициналық авиация арқылы Көкшетауға жеткізу туралы шешім қабылданған.

Ақмола облыстық балалар ауруханасының дәрігері Петр Редкозубовтың айтуынша, бала ауруханаға түскен кезде күйігі аса тереңдеп кеткен.

– Терең күйік, ішінде іріңді сұйықтығы бар көпіршіктер пайда болған. Себебі бала бірден емес, үш күннен кейін ғана түсті. Үйде өздері емдеген. Күйген жеріне сабын жағып, түрлі майлар қолданған. Соның салдарынан күйік ауруы одан сайын ауыр өтті, – дейді дәрігер.

Баланы Селеті ауылынан Көкшетауға жеткізу үшін шұғыл түрде тікұшақ шақырылған. Кішкентай науқастың өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлерге бірнеше күрделі ем-дом жасауға тура келген.

Бала жансақтау бөлімінде жатты. Таңғыштарды наркозбен ауыстыруға тура келген. Дәрігерлер өліеттенген тіндерді алып тастап, кейін тері трансплантациясын жасаған.

Бір айға жуық уақыт бойы баланың анасы үшін әр күн сынақпен өткен.

34 жастағы көпбалалы ана Таутек Мейрам баласының қатты қиналғанын айтады. Қазір оның жағдайы біршама түзелгенімен, толық қалпына келуі үшін әлі уақыт қажет. Балаға тұру және жүру қиын. Аяғы мен ішінің кей бөлігінде күйіктен қалған тыртықтар бар.

– Балам қатты қиналды. Ойнап жүргенде үстіне қайнаған су төгіліп кеткен. Басында өзіміз емдеп аламыз деп ойладық, үйде жатты. Қазір жағдайы жақсы, дәрігерлерге рақмет, баламның өмірін сақтап қалды. Енді барлығына айтарым – мұндай жағдайда бірден дәрігерге барыңыздар, – дейді анасы.

Дәрігерлер бұл жағдай  ата-аналарға сабақ болуы тиіс деп отыр. Күйік кезінде халық арасында кең тараған түрлі «үй емінің» әдістерін қолдану баланың жағдайын жақсартудың орнына, жарақатты ушықтыруы мүмкін.

Бұл оқиғада баланың өмірін сақтап қалуға дәрігерлердің жедел әрі кәсіби көмегі себеп болды. Алайда бес жасар бүлдіршіннің басынан өткерген бір айға жуық азабы қарапайым бір нәрсені тағы еске салды: күйік алған кезде уақыт жоғалтпай, бірден медициналық көмекке жүгіну керек. Бүгінде бала дәрігерлердің бақылауында. Ол әлі де оңалту кезеңінен өтіп жатыр. Ал оның аяқтары мен ішіндегі тыртықтар сол бір сәттің салдарын ұзақ уақыт есінде қалдырады. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью