Үйден шығудан қалдық : Павлодар облысында тұрғындар масаға таланып жатыр

10.06.2026

Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

АЛМАТЫ, 10 мамыр – Sputnik. Павлодар облысы Шарбақты ауданында тұрғындар үйден шығудан қалған. Елді мекендерді маса басты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жәндіктен әбден зәрезап болған тұрғындардың бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Айтуларынша, мал тұрмақ, адам біткенді анталап талаған масадан әсіресе балалар көп зардап шегуде. Олар мейлінше үйден шықпай, жан сақтап жүргендерін айтады. Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы бұл жағдайды растады.

Ведомствоның мәліметінше, облыстық бюджет есебінен қаржыландырылатын барлық дезинсекциялық іс-шара Ертіс өзенінің жағалауында орналасқан облыс қалалары мен аудандарының аумағына бағытталған. Олар: Павлодар және Ақсу қалалары, Май, Ақтоғай, Ертіс, Железин, Аққулы және Тереңкөл аудандары.

"Ертіс өзеніне шықпайтын Успен, Шарбақты, Баянауыл аудандарында және Екібастұз қаласының ауылдық аймағындағы жайылмадан тыс және далалық аумақтарды өңдеу қарастырылмаған. Бұл аумақтарда тек жекелеген учаскелерде және балалар лагерлері орналасқан орындардың айналасында тосқауылдық өңдеу жұмыстары жүргізіледі", - деп түсіндірді басқарма.

Маса басқан Шарбақты ауданының Шошқалы, Бозалаң, Садықащы және Шалдай ауылдарына жер қойнауын пайдалану басқармасы, облыстық ғылыми топ және аудан әкімдігінің өкілдері барған.

"Қанаттанған шыбын-шіркейдің қалыптан тыс жаппай көбею фактісі расталды. Бұл күрделі жағдай соңғы 2-3 күн бойы байқалып отыр. Масаның қаптауына орман өрттерін сөндіру кезінде су алуға арналған жасанды су айдындары, сондай-ақ осы ауылдардың маңында пайда болған шағын жергілікті су қоймалары себеп болуы мүмкін", - дейді мамандар.

Осыған байланысты 10 маусымнан бастап бұл ауылдарда шыбын-шіркей түрлеріне қарсы дезинсекциялық тосқауылдық өңдеу жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар шыбын-шіркейдің дернәсілдік түрлеріне қарсы су айдындарын биологиялық "Бактицид" препаратымен өңдеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью