Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Қостанайда мүгедектігі бар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы 14 жастағы тәрбиеленушінің өлімінің мән-жайы анықталып жатыр. Жасөспірім күндіз ұйқыға жатқан кезінде көз жұмған. Өлім дерегін Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мүгедектігі бар баланың өлімі туралы құқық қорғау орталығы хабарлаған болатын. Жарияланымда жасөспірімнің жағдайына бөлмедегі ыстық пен кондиционердің жоқтығы әсер етуі мүмкін деген болжам айтылған. Қазіргі уақытта бұл нұсқаға қатысты ресми растау жоқ, өлім себептері анықталып жатыр.
Қостанай облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мәліметінше, өлім себептері тергеу барысында анықталады.
"Сонымен қатар, орталықта әр балаға тиісті деңгейде тәулік бойы күтім ұйымдастырылғанын атап өткен жөн. Топтарда үнемі кіші медициналық персонал болады, медициналық бекеттер тәулік бойы жұмыс істейді, күніне екі рет медицина қызметкерлері мен орталық басшылығы аралайды және медициналық тексеру жүргізеді, педиатр, невропатолог мамандар жұмыс істейді. Күн бойы тәрбиеленушінің жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды, дене қызуының көтерілуі немесе шағымдар байқалған жоқ, бала белсенді болды, түскі асын ішіп, күндізгі ұйқыға жатқызылды", - деп хабарлады басқарма.
Басқарма жағдайдың бақылауда екенін атап өтті. Ведомство мәліметінше, орталықтың барлық тобы кондиционерлермен жабдықталған, ал күн райының ысуына байланысты сұйықтық ішу және температуралық режимнің сақталуына ерекше көңіл бөлінгені айтылды.
Кәмелетке толмаған баланың өлімі дерегін өңірлік полиция да растады.
"Кәмелетке толмаған баланың өлімі дерегі бойынша полиция тексеру бастады. Қажетті процестік әрекеттер жүргізіліп жатыр, олардың нәтижелері бойынша құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес процестік шешім қабылданады", - деді Полиция департаменті бастығының орынбасары Аманжол Байзақов.
Жағдай Қостанай облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бақылауында. Оның айтуынша, жасөспірім болған және ұйықтаған бөлмеде қуаты аз болса да кондиционер орнатылған.
"Бала орталықта 2016 жылдың тамызынан бері болған, оған Даун синдромы және терең ақыл-ой кемістігі диагнозы қойылған. Ата-анасы бас тартқан, оған ешкім келмейтін. Орталық қызметкерлерінің түсіндіруі бойынша, бала ұйқыға жатқан, кейін оны оята алмаған, ол оянбаған. Содан кейін жедел жәрдем мен полиция шақырылды", - деді өңірдегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл Несібелі Бәсенова.
Анықтама: Қостанайдағы балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы — ауыр диагноздары бар балалар тәулік бойы болатын мекеме. Сондай-ақ орталыққа күндізгі стационар форматында көмек көрсетілетін тәрбиеленушілер де барады. Бұған дейін аталған мекеме түрлі оқиғаларға байланысты қоғам назарына іліккен болатын.
Бұған дейін орталық әлеуметтік желілерде видео жарияланғаннан кейін назарға іліккен еді. Tengrinews.kz редакциясына оқырмандардан келіп түскен кадрларда ер адам жүгіру жолындағы тәрбиеленушіні таяқпен түртіп және теуіп тұрғаны көрінеді.
2025 жылдың көктемінде әлеуметтік желілерде даму ерекшеліктері бар балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жасөспірімге қатысты қатыгездік танытылуы мүмкін екендігі туралы ақпарат таралған болатын. Ол кезде полиция бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы ("Қинау") бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлаған еді.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу