Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Отырыста күн тәртібіне шығарылған мәселе талқыланып болғаннан кейін БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады. Онда Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов журналистер тарапынан талқыланған мәселеге қатысты қойылатын сауалдарға жауап береді.
Айта кетейік, биыл 20 қаңтарда Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 20 наурызға дейін көмір өндірісін дамытудың ұлттық жобасын бекітуді тапсырды.
Фото: Nano Banana- Көмір – біздің стратегиялық активіміз. Жаңа технологиялар арқылы қоршаған ортаға зиянын бейтараптандыра отырып, көмір қорының әлеуетін толық пайдалану қажет. Көмір өндірісін дамытуға ұлттық жоба мәртебесін беру керек. Үкімет бұл мәселені 20 наурызға дейін шешсін, - деген еді Президент.
Ал осы жылдың 24 наурызында Үкімет «Көмір генерациясын дамыту» жөніндегі ұлттық жобаны бекіткені белгілі болды.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, ұлттық жоба аясында 8 жаңа электр станциясы салынады. Көмір генерациясын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған ұлттық жобасы электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысты стратегиялық тұрғыдан өтеуге, еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын терең жаңғыртуға және Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Негізгі басымдық базалық энергия көздерінің құрылысына беріледі. 2030 жылға дейін 7,8 ГВт жаңа және жаңартылған қуаттарды іске қосу жоспарланған. Оның ішінде 8 жаңа электр станциясын салу және жұмыс істеп тұрған 11 станцияны жаңғырту көзделген.
Жалпы қуаты 5,3 ГВт болатын жаңа құрылыс бағдарламасы еліміздің маңызды тораптарын қамтиды. Оған Курчатовтағы конденсациялық электр станциясы (700 МВт), қуатты Екібастұз ГРЭС-3 (2 640 МВт), Қарағандыдағы (350 МВт) және Екібастұздағы (180 МВт) ЖЭС, сондай-ақ Жезқазған (500 МВт), Көкшетау (240 МВт), Семей (360 МВт) және Өскемен (360 МВт) қалаларындағы жаңа ЖЭО құрылысы кіреді.
Жоба тек генерацияны арттыруды ғана емес, сонымен қатар жұмыс істеп тұрған станциялардың тиімділігін көтеруді де мақсат етеді. Жаңғырту нәтижесінде жабдықтардың тозу деңгейін 13 пайызға төмендету жоспарланып отыр. Ұлттық жобаны іске асыру одан арғы өнеркәсіптік өсу, цифрлық экономиканы дамыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу үшін сенімді энергетикалық негіз жасауға мүмкіндік береді.
Ұлттық жобаны жүзеге асыру Қазақстанға энергетикалық егемендігін нығайтып, ел аумағында қазандық агрегаттарын, трансформаторлар мен автоматтандыру жүйелерін өндіруді ынталандыра отырып, отандық машина жасау саласында мультипликативтік әсер тудыруға мүмкіндік береді. Осылайша, көмір генерациясы ұзақ мерзімді экономикалық өсім үшін қажетті базаны қамтамасыз ететін жоғары технологиялық және экологиялық жауапты секторға айналады.
Фото: Солтан Жексенбеков / KazinformЕстеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында инновацияларды дамыту мәселесі талқыланды. Күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша баяндама жасаған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инновациялық қызмет Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына өтті. Осы тапсырманы орындау аясында министрлікке Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің жекелеген міндеттері мен функциялары берілді.
Бұл шешім инновациялар ғылым, университеттер және зерттеу орталықтары базасында қалыптасатын халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Алайда, инновациялар тек бір ведомство аясында ғана емес, бүкіл мемлекеттік жүйе деңгейінде үйлестіруді талап ететін күрделі салааралық міндет саналады.
- Қазақстанда инновацияларды одан әрі дамыту үшін қажет деп санайтын бірқатар практикалық шаралар бар. Біріншіден – бірыңғай үйлестіруші тетік ретінде Инновациялық штаб қалыптастыру. Екіншіден – Инновацияларды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу. Ол осы саладағы мемлекеттік саясаттың бірыңғай стратегиялық көзқарасын айқындап, ұзақ мерзімді басымдықтарын бекітеді. Үшіншіден – инновацияларды дамыту бойынша жауапкершілікті орталық және өңірлік мемлекеттік органдарға бекіту. Төртіншіден – 2026-2030 жылдарға арналған инновацияларды дамыту бойынша салалық министрліктер мен жергілікті атқарушы органдардың KPI көрсеткіштерін ұлттық және өңірлік деңгейлерде нақты индикаторлар жүйесімен бекіту. Бесіншіден – инновациялық қызметті қолдау құралдарын қаржыландыруды ұлғайту мәселесін пысықтау, - деді Саясат Нұрбек.
Осы ретте Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ғылым және жоғары білім министрінен: «Инновациялық жобаларды іске асыру үшін инвестиция керек. Ол түсінікті. Инновациялық жобалар тез арада, қысқа мерзімде нәтиже бере бермейді. Сондықтан ұзақмерзімді инвестиция қажет. Оны қалай тартамыз, тетіктері бар ма?» - деп сұраған еді.
Коллаж: Kazinform / FreepikСауалға жауап берген министр қазіргі таңда инновацияларға инвестиция тартуға мүмкіндік беретін, нақты заңнамалық тұрғыда бекітілген тетіктер қалыптасып жатқанын айтты.
Премьер-министр инвестицияларды ынталандыру қажеттігін баса атап өтті.
- Өйткені, инновациялық жобаларға қомақты қаржы саламын деп жүрген бизнесмендер көп деп айта алмаймыз. Ол тек бізде ғана емес, басқа да мемлекеттерде солай. Сондықтан ынталандыру тетіктері болуы керек, - деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ отырыста Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиeв Қазақстанда инновациялық жобаларды қолдау нақты экономикалық нәтиже беріп отырған атап өтті.
Фото: Kazinform– 2025 жылы «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы аяқталды. Оның экономикалық әсері 53 млрд теңгеден асты. Салынған әрбір теңге екі есе қайтарым берді. Жоба аясында 90-нан астам инновациялық жоба қаржыландырылып, технологияларды коммерцияландыру көлемі 35 млрд теңгеден асты, – деді министр.
Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәліметінше, соңғы бес жылда тау-кен саласының ірі кәсіпорындары ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға 150 миллиард теңге инвестиция салып, 1,5 мыңнан астам жобаны іске асырған.
— Жалпы салада цифрлық трансформацияға, стартаптарды қолдауға және заманауи технологияларды енгізуге бағытталған инновациялық экожүйе қалыптасуда. 500 кәсіпорынның технология деңгейіне бағалау жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша өндірістік процестерді жаңғыртуға қатысты 23 ұсыныс әзірленді. Цифрлық технологияны енгізу бойынша 240 қызметкер оқытылды. Жасанды интеллектті енгізу жол картасы аясында өндірісте ЖИ қолданатын 11 пилоттық жоба іске асырылды, — деді ол.
Ал «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов отандық мұнай өңдеу зауыттары автомобиль жолдарының сапасын арттыруға мүмкіндік беретін модификацияланған битум өндірісіне көшу мәселесін пысықтап жатқанына тоқталды.
Фото: KazinformОтырысты қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдіктеріне ғылым мен инновацияларды қаржыландыруды кезең-кезеңмен ұлғайтып, оны 2029 жылға қарай жалпы өңірлік өнімнің кемінде 1 пайызына жеткізуді тапсырды.
- 2035 жылға қарай инновациялық өнімдердің үлесін жалпы ішкі өнімнің 3 пайызына дейін ұлғайтуды қамтамасыз ету қажет. Ол үшін инновация саласында бірқатар жүйелі мәселелерді шешу керек. Соңғы жылдары бұл сала институционалдық жүйесіздік жағдайында дамып келді. Өңірлер тарапынан өз бетінше жұмыс жүргізілмегені көрініп отыр. Сондай-ақ инновациялық жүйеге қатысушылар арасында басымдықтардың тым көп екендігі де байқалады, - деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар ол Ғылым министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1 маусымына дейін нақты басым салалар мен технологияларға назар аудара отырып, инновацияларды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді жүктеді.
- Ғылым және Жасанды интеллект министрліктері салалық министрліктермен және әкімдіктермен бірлесіп, 1 шілдеге дейін инновациялық жобаларды тіркеп, қолдау көрсетуге және мониторинг жүргізуге арналған «бірыңғай терезе» жұмысын қамтамасыз ететін цифрлық платформаны іске қоссын. Сонымен қатар әзірлеушілер, технологиялар және әлеуетті инвесторлар туралы мәліметтерді қамтитын инновациялық жобалардың жалпыға қолжетімді ұлттық тізілімін құру қажет, - деді Премьер-министр.