Үкімет курьер мен такси жүргізушілерінің мәселесін қарастырады

16.04.2026

Sputnik.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

АСТАНА, 16 сәуір – Sputnik. Сенатолар курьерлер мен такси жүргізушілерінің проблемасына арналған депутаттық сауалды үкіметке жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенатор Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, бүгінде Яндекс, In Drive пен Glovo арқылы жұмысқа тұрған қазақстандықтардың саны 400 мың адамға жақындады. Олар үшін бұл жұмыс табыстың негізгі көзі болып отыр. Ал цифрлық жүйелер қарқынды дамып жатса да, курьерлер мен таксишілердің құқығын шектейтін мәселелер бар.

"Біріншіден, платформалар салық агенті ретінде төлемдерді уақытында ұстағанмен техникалық қателіктердің салдарынан азаматтарға негізсіз берешектер мен өсімпұлдар есептелуде. Кейбір деректерге сәйкес, 20 мыңнан орындаушы мемлекеттік ақпараттық жүйелердің дұрыс істемеуінен зардап шеккенін жеткізіп отыр. Бұл мемлекетке деген сенімді азайтып, азаматтарды көлеңкелі табысқа итермелейді", - деді Жексенбай сенаттың бүгінгі отырысында.

Оған қоса, курьерлер мен такси жүргізушілері тәуелсіз серіктес ретінде тіркелсе де, іс жүзінде алгоритм арқылы қатаң бақыланады. Кесте мен рейтинг бар.

"Бұл еңбек қатынастарының нақты белгілері болса да, азаматтар демалыс, аурухана парағы және еңбек қауіпсіздігі сияқты базалық кепілдіктерден тыс қалған. Ал нақты еңбек нормалары мен ең төменгі сағаттық төлемнің жоқтығынан орындаушылар 16 сағатқа дейін жұмыс істеп жатады", - дейді сенатор.

Оның айтуынша, қаларалық алыс жолдарда такси жүргізушілері шамадан тыс шаршағандықтан, ұйқыны басу үшін энергетикалық сусындарды жиі тұтынады. Бұл олардың денсаулығына ғана емес, жол қауіпсіздігіне де үлкен қатер төндіреді.

Бұдан бөлек, курьерлер мен такси жүргізушілерінің аккаунты негізсіз бұғатталып жатады. Осы мәселе бойынша шағымдану немесе сотқа дейін реттеу тетігі жоқ.

Сенаторлар үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, осы мәселелерді шешуді талап етті.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью