Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Фото: QazIndustry
Үкіметтің 4 тамыздағы отырысында отандық өндірісті дамыту және қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері қаралды.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазақстандық өндірушілерге басымдық беретін негізгі қолдау тетіктері енгізілгенін айтты. Оның сөзінше, жаңа өндірістер үшін қолайлы салықтық жағдай жасалып, ендігі негізгі міндет – қазақстандық өнімнің экспортын ұлғайту.
Үкімет мәліметінше, қазіргі таңда отандық өндірушілерді қолдау өнеркәсіп, машина жасау, фармацевтика, агроөнеркәсіп, тамақ өндірісі, құрылыс және автокөлік жасау салаларын қамтып отыр. Бұл импортты алмастырумен қатар жоғары қосылған құны бар өнім шығаруды дамытуға мүмкіндік береді.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі іске қосылды. Шілде айындағы мәлімет бойынша, тізілімге 6 574 отандық өндіруші енгізілген. Жаңа жүйе мемлекеттік қолдау шараларын нақты өндіріс жүргізетін кәсіпорындарға бағыттауға мүмкіндік береді.
Өңдеу өнеркәсібінде де оң динамика байқалады. Биылғы алғашқы жартыжылдықта саланың өсімі 9,8%-ды, азық-түлік өндірісі 14,7%-ды, сусын өндірісі 4,4%-ды құрады.
Биыл жалпы құны 1,7 трлн теңгені құрайтын 200 индустриялық жобаны іске асыру жоспарланған. Олар толық қуатына шыққаннан кейін жыл сайын 1,5 трлн теңгенің өнімін өндіріп, оның шамамен 500 млрд теңгесі экспортқа бағытталады.
Қазақстан шикізатқа негізделген экономикадан жылдам арылып келеді
Сондай-ақ Үкімет ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді кеңейтуге, мал шаруашылығын дамытуға және ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін төмендетуге басымдық беріп отыр. Бұдан бөлек, қазақстандық өнімге сұранысты арттыру үшін жаңа сауда және маркетинг құралдары енгізілуде. Мәселен, сауда желілерінде жүргізілген пилоттық жоба нәтижесінде отандық ірімшіктің сатылымы 7%-ға өскен.
Қазақстан экономикасы шикізаттық емес салалардың тұрақты дамуы есебінен 4,1%-ға өсті
Үкіметтің бағалауынша, бұл шаралар Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, шикізаттық емес экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.