Үкімет жоғары салық салынатын жалақы мөлшерін атады

15.07.2026

Sputnik.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

АСТАНА, 15 шілде - Sputnik. Үкімет жаңа Салық кодексінің енгізілуіне байланысты ел азаматтарын қандай өзгерістер күтіп тұрғанын түсіндірді.

Реформа аясында жеке табыс салығы бойынша прогрессивті мөлшерлеме – жоғары табысқа салынатын салық енгізілді. Енді жоғары табыс алатын азаматтар жылына 8,5 мың АЕК немесе 36,7 млн теңгеден асатын кіріске ғана 15% мөлшерлемемен салық төлейді. Ал қалған азаматтар үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесі өзгеріссіз қалды.

"Сонымен қатар БЖЗҚ төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан толық босатылды. Сондай-ақ пайдалану мерзімі 10 жылдан асатын жеңіл автокөліктер үшін көлік салығы 30%-ға, ал 20 жылдан асатын автокөліктер үшін 50%-ға төмендетілді. Бұдан бөлек, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік салықтық шегерім мөлшері 5 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды", - деп жазылған хабарламада.

Салықтық әкімшілендіру жүйесі сервистік модельге көшіп жатыр: нәтижесінде салықтар мен алымдардың жалпы саны 20%-ға, ал салықтық есептілік нысандарының саны 30%-ға қысқартылды.

Жалпы, реформа қазірдің өзінде елеулі макроэкономикалық нәтижелер көрсетіп отыр. Биылғы бірінші жартыжылдықта мемлекеттік бюджет кірістері былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда шамамен 16%-ға өсті. Елдің кіріс базасын нығайтуға ҚҚС түсімдерінің шамамен бір жарым есеге артуы да елеулі үлес қосты.

Корпоративті табыс салығы базалық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталды, бірақ банк қызметі үшін ол 25%-ға дейін көтерілді. Ал аграрлық сектор үшін жеңілдетілген 3% мөлшерлеме белгіленді.

ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесі 16% болып бекітілді. Осы ретте дәрілік заттарға, оқу әдебиеттеріне және баспасөз өнімдеріне төмендетілген ҚҚС мөлшерлемелері енгізілді. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 10 мың АЕК болып белгіленді.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью