Үкіметте 30 млрд доллар инвестиция тартуға мүмкіндік беретін жоба қаралды

25.02.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

АЛМАТЫ, 25 ақпан – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов "Деректерді өңдеу орталықтары алқабы" жобасының орындалуы бойынша жиын өткізді, деп хабарлайды үкімет.

Бұл жоба биыл қаңтарда Павлодар облысы Екібастұз қаласында іске қосылған болатын. Жобаға жалпы ауданы 1,4 мың гектар жер телімі бөлінді.

"Құрылатын инфрақұрылымның маңызды элементі халықаралық серіктестерді тартуға арналған Greenfield аймағы болмақ. Сондай-ақ одан әрі кеңейте түсу мүмкіндігі бар 100 МВт-ға дейінгі қуаттар дайындалады. Инфрақұрылым энергия тиімділігі коэффициенті PUE 1.25 болатын Tier III халықаралық стандартына сәйкес келмек", - деп жазылған хабарламада.

Телекоммуникациялық инфрақұрылым саласындағы ең ірі hyperscale және BigTech компанияларының талаптарын қанағаттандыру үшін желілік кідіріс 80-нен 57 миллисекундқа дейін төмендетіледі, бұл – негізгі еуропалық трафик алмасу орталықтарымен тең деңгей.

Бұдан әрі есептеу инфрақұрылымын кезең-кезеңмен ұлғайту, әрқайсысы 50 МВт-тан ЖИ-ДӨО-ның төрт кезеңін салу көзделген.

"Тұтастай алғанда, "ДӨО алқабын" іске қосу Қазақстанда цифрлық инфрақұрылым мен есептеу қуаттылығының өңірлік орталығын қалыптастыруға, $30 млрд-қа дейін инвестиция тартуға және 500-ден астам жоғары білікті жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді", - дейді үкімет.

Жиын қорытындысы бойынша премьер-министр Олжас Бектенов салалық министрліктер мен жауапты ұйымдарға жұмыстың барлық кезеңін уақтылы жүзеге асырып, қажетті нормативтік шешімдерді қабылдауды жеделдетуді тапсырды.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью