Qazaq24.com, 7kun.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен отырыста Салық кодексінің жаңа нормаларын енгізу мәселелері қаралды. Бұл туралы Қазақстан Үкіметі хабарлады.
Жиында интернет-платформаларға қатысты салықтық талаптар талқыланды. Атап айтқанда, төлемдерге тікелей қатыспайтын (P2P модель) платформаларды да салық агенті ретінде міндеттеу мәселесі бизнес тарапынан сынға ұшырады. Кәсіпкерлер бұл қызмет құнының қымбаттауына әкелуі мүмкін екенін айтты.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мемлекет барлық қатысушыларды қамтитын цифрлық салық жүйесін қалыптастырып жатқанын атап өтті. Ал еңбек вице-министрі Бақтияр Жазықпаев платформалық жұмыспен қамту аясында 400 мыңнан астам төлем жасалғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ отырыста аграрлық сектордағы салық саясаты қаралды. Ауыл шаруашылығы кооперативтері мен жеке қосалқы шаруашылықтарға қатысты бірқатар мәселелер көтеріліп, оларды қосымша талқылау туралы шешім қабылданды.
Үкімет мемлекеттік органдарға бизнес қауымдастықпен бірлесіп, қосымша қолдау шараларын пысықтауды тапсырды.