Үкіметтік емес ұйымдардың АИТВ ны ауыздықтаудағы үлесі қандай?

30.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Бұл істе қоғамның аталған вирусты жұқтырып алуға бейім бөлігімен тікелей байланыс орнатып, оларды тестілеуден өтуге ынталандырып, қажет болған жағдайда медициналық көмек алуына қолдау көрсететін үкіметтік емес ұйымдар елеулі үлес қосып келеді.

Осы орайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы Алматы қаласындағы «Community Friends» қоғамдық қоры төмендегідей мысалдарды алға тартады. Қор жұмысында аутрич-қызметкерлер (ағылш. outreach workers) – халық арасында профилактикалық жұмысты тікелей жүргізетін маман ретінде шешуші рөл атқарады. Олар АИТВ жұқтыру қаупі жоғары адамдармен байланыс орната отырып, өз бетінше көмекке сирек жүгінетін жерлерде бағыт беріп, қажетті медициналық көмек алуға септеседі.

Ал бұл жұмыстар ЖИТС, туберкулез бен безгекке қарсы күрес жөніндегі Жаһандық қор грантының аясында жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда қорда 16 аутрич-маман жұмыс істесе, биыл олар 21 адамның АИТВ-ахуалды екендігін анықтауға септігін тигізген.

Енді қағаз түріндегі медициналық кітапшаны алып жүрудің қажеті жоқ

Мамандар күн сайын халықтың негізгі топтарының өкілдері жиналатын түнгі клубтарда, сауналар мен басқа да орындарда жұмыс істейді. АИТВ-ға экспресс-тестілеу жүргізеді, аурудың алдын алу мәселелері бойынша кеңес береді, қатынасуға дейінгі профилактикаға (PrEP) арналған препараттарды ұсынады. Жыл басынан бері ҚДП-ны 150 жаңа клиент қабылдай бастады. Сондай-ақ аутрич-қызметкерлер мүшеқаптар мен ақпараттық материалдар таратады. Қажет болған жағдайда олар адамды тестілеуден өткізуден бастап диспансерлік есепке қойып, емдеуді бастағанға дейінгі барлық кезеңде сүйемелдейді.

Мұндай жұмыстың негізгі қағидаттарының бірі – «тең-теңімен» тәсілі. Көбінесе аутрич-қызметкерлер ретінде өздері көмек көрсетіп отырған қауымдастықтардың өкілдері жұмыс істей береді. Бұл жылдам сенімді қарым-қатынасты орнатып, қорқыныш пен қоғамның түртпегін жеңуге, сол адамды медициналық көмекке уақтылы жүгінуге жол ашады.

«Халықтық бақылау»: Енді пациенттер медициналық көмектің сапасын бағалай алады

Қор өкілдері аурудың алдын алуда барлығына бірдей қолдануға болатын әмбебап үлгісі жоқ екендігін де ұмытпайды. Әр аймақтың өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан өзара әрекет ету әдістері халықтың негізгі топтарының да, жергілікті жағдайлардың да ерекшеліктерін ескеруі тиіс.

«Біздің ұйымда клиенттерді АИТВ-ға жасалған экспресс-тест нәтижесі оң болған сәттен бастап Алматы қаласының ЖИТС орталығында диспансерлік есепке қойылғанға дейін сүйемелдеу жүйесіне ерекше көңіл бөлінеді. Медицина қызметкерлерімен бірлескен күш-жігерді шоғырландыру жаңа жағдайларды жылдамырақ анықтауға, пациенттерді бағыттау жүйесін жетілдіріп, профилактикалық бағдарламалардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бүкіл профилактикалық жұмыстың нәтижелілігі көбіне аутрич-қызметкерлерге байланысты болғандықтан, оларды ынталандырудың икемді жүйесін қалыптастыру да маңызды», дейді «Community Friends» қоғамдық қорының директоры Артем Лебедев.

Мамандар медициналық көмекке сирек жүгінетін және көбінесе денсаулық сақтау жүйесінің назарынан тыс қалып отырғандарға қатысты профилактикалық бағдарламалар кеңейген сайын жаңадан АИТВ жұқтырғандарды анықтау үшін уақыт, күш-жігер, қор қажет екендігін айтады. Сондықтан да бұл мәселеде аутрич-тәсілдің рөлі артып келеді.

«Аутрич-қызметкерлер күн сайын осал топтардағы адамдарға тестілеуден өтуге көмектесіп, профилактика мәселелері бойынша кеңес береді. Қажетті медициналық әрі әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Бұл емдеуді уақтылы бастай отырып, инфекцияның одан әрі таралуының алдын алуға жағдай жасайды. Аутрич-қызметкерлердің жұмысы АИТВ инфекциясына қарсы әрекет ету жөніндегі ұлттық шаралардың маңызды бөлігі. Өйткені дәл осы мамандар әртүрлі себептермен медициналық ұйымдарға сирек жүгінетін адамдармен сенімді қарым-қатынас орнатуға көмектеседі», дейді Жаһандық қордың АИТВ мәселелері жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Татьяна Давлетгалиева.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью