Sputnik.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
АСТАНА, 13 тамыз – Sputnik. Украина әуе күштерінің өкілі Юрий Игнат бұдан былай украиналық әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері атып түсірген немесе атып түсіре алмаған зымырандардың саны туралы деректі таратпайтынын мәлімдеді.
Соңғы рет Украина қарулы күштерінің әуе күштері ресейлік зымырандардың ұшырылған және атып түсірілген саны туралы мәліметті 8 тамызда жариялаған. Бұған дейін зымырандардың түрі мен саны туралы хабарламалар Telegram каналда күн сайын таңертең жарияланып отырған. Енді тек ресейлік оқ-дәрілердің түрлері ғана аталып, олардың саны көрсетілмейді. Зымырандардың сәтті атып түсірілгені туралы да мәлімет берілмейді.
"Әскери басшылық жаппай шабуылдар кезінде жаудың баллистикалық зымырандарына қатысты таңертеңгі хабарламаларға белгілі бір өзгерістер (шектеулер) енгізу туралы шешім қабылдады. Яғни ұшырылған, атып түсірілген, залалсыздандырылған немесе нысанаға жеткен зымырандардың саны енді көрсетілмейді", – деп жазды Игнат әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, әуе күштерінің қолбасшылығы бұқаралық ақпарат құралдарына жалпылама ақпарат береді.
"Мысалы, 2026 жылдың шілдесінде жау әртүрлі типтегі 450-ден астам зымыран қолданды, олардың 200-ге жуығы баллистикалық траектория бойынша шабуыл жасайтын зымырандар", – деп түсіндірді Игнат.