Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Әуезов даңғылын патрульдеу кезінде әскери жасақ көпқабатты үйлердің бірінің үшінші қабатында ересектердің қарауынсыз ашық терезенің жанында тұрған кішкентай баланы байқады.
Әскери жасақ бастығы ефрейтор Дәулет Сейдалы қарамағындағы патрульші ефрейтор Бексұлтан Темірбеков және қатардағы жауынгер Әли Сағымбаевпен бірге баланың терезе алдында ойнап, жерге ұялы телефон мен кілттер лақтырғанын көреді.
Фото: Ұлттық ұланБұл жағдайдың қауіптілігін сезген әскери қызметшілер құлап кеткен жағдайда баланы қағып алуға үлгеру үшін терезе астына мұқият орнығады.
— Әріптестеріммен қажет болған жағдайда баланы ұстап алу үшін терезе астында күттік. Мен үйде ересектер бар-жоғын білу үшін ішке кірдім. Дереу оқиға орнына полицейлерді шақырдық. Көп ұзамай жұмыстан баланың әкесі келді, - дейді ефрейтор Дәулет Сейдалы.
Көрсеткен ерлігі үшін әскери жасақ бастығы ефрейтор Дәулет Сейдалы, сондай-ақ патрульдеушілер ефрейтор Бексұлтан Темірбеков пен қатардағы Али Сағымбаев Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар ефрейтор Дәулет Сейдалы «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгісімен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының атынан көтермеленді.
Фото: Ұлттық ұланЕфрейтор Бексұлтан Темірбеков пен қатардағы Али Сағымбаев әскери бөлім командирінің шешімімен 10 тәулік мерзімге қысқа мерзімді демалысқа жіберілді. Сондай-ақ әскери қызметшілерге қол сағаттар табысталды.
Бұл оқиға Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің төтенше жағдайларда әрекет етуге жоғары дайындығын, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға бар күшін салатынын айқын көрсетеді.
- Біз жылдам әрекет еттік, себебі әр секунд маңызды екенін түсіндік. Ең бастысы, қайғылы жағдайға жол бермеу болды. Біздің қызметімізге осындай жоғары баға берілгені мен үшін үлкен мәртебе әрі мақтаныш, - деді ефрейтор Бексұлтан Темірбеков.
Айта кету керек, бұл әскери бөлімнің әскери қызметшілері бұған дейін де азаматтарға көмек көрсеткен: олар көшеде ауырып қалған адамға жедел медициналық көмек көрсетіп, оның өмірін сақтауға себепші бола білді.