Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Ұласбек Сәдібеков Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа депутаттық сауал жолдап, Түркістан облысында көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесін көтерді, – деп хабарлайды Aikyn.kz
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру мәселелерін үнемі басты назарда ұстап келеді. Бұл бағытта Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға нақты міндеттер жүктеліп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар аталған мәселелер “AMANAT” партиясының сайлауалды бағдарламасында да айқын көрініс тауып, негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленген. Осы орайда Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы теміржол өткеліне қатысты қалыптасқан жағдай тұрғындарды көптен бері алаңдатып отырған өзекті мәселеге айналып отыр. Қазір Түлкібас кентіндегі теміржол өткелі арқылы күн сайын 1 500-2 000-ға жуық автокөлік қатынайды. Аталған өткелді Түлкібас, Кемербастау, Күмісбастау, Елтай, Жабағылы, Майлыкент елді мекендерінің 20 мыңға жуық тұрғыны тұрақты түрде пайдаланады. Бұл аумақта өңір экономикасына үлес қосып отырған өндірістік кәсіпорындар, сондай-ақ 1 400 орындық мектеп пен мектепке дейінгі мекемелер орналасқан. Аталған кәсіпорындарда 300-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұдан бөлек, өңірдің туристік әлеуеті де қарқынды дамып келеді.
Алайда бүгінде Түлкібас теміржол бекеті арқылы тәулігіне 70-тен астам пойыз өтеді. Соның салдарынан теміржол өткелінде автокөліктердің күту уақыты 15 минуттан 55 минутқа дейін созылып отыр. Тұрғындардың уақыт жоғалтуына ғана емес, жедел жәрдем, өрт сөндіру және басқа да шұғыл қызметтердің уақытылы жетуіне кедергі келтіріп, азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіруде. Осы бойынша жергілікті тұрғындар тарапынан көптеген арыз-шағымдар мен өтініштер түсуде. Бұл мәселе бойынша бұған дейін, осыдан екі жыл бұрын да депутаттық сауал жолданып, Түлкібас тұрғындарын көптен бері алаңдатып отырған түйткілді мәселе ретінде тиісті мемлекеттік органдардың назарына ұсынылған. Алайда аралық кезеңде мәселенің толық шешімін таппауы – оның өзектілігін сақтап отыр.
Осыған байланысты, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз
ету мақсатында жергілікті бюджет есебінен «Түркістан облысы Түлкібас ауданының Кемербастау ауылдық округінде жолөткел салу» жобасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, 2026 жылғы 29 қаңтарда мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобаның жалпы құны – 4,01 млрд теңге. Қазір жобаны қаржыландыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Сондықтан Түлкібас ауданындағы теміржол өткелінде көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кептеліс мәселесін шешу бағытында кешенді шаралар қабылдау қажет. Екіншіден, «Түркістан облысы Түлкібас ауданының Кемербастау ауылдық округінде жолөткел салу» жобасын республикалық бюджет есебінен қаржыландыру мәселесін қарастырған жөн. Үшіншіден, Түлкібас ауданындағы теміржол өткеліне байланысты көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүйелі инженерлік шешімдер қабылдау қажет, – дейді Ұласбек Сәдібеков.