Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Елордада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сот отырысында хатшы айыпталушының адвокаты Дәурен Есләмбекұлының процеске қатыспағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қорғаушы басқа іс бойынша өтіп жатқан сот процесіне қатысып жүргенін хабарлаған.
Судья Меруерт Абаева адвокатқа қатысты жеке қаулы шығарды. Ол қолданыстағы заңнамаға сәйкес адвокаттың кәсіби әдеп нормаларын сақтауға міндетті екенін атап өтті.
Судьяның айтуынша, Дәурен Есләмбекұлы сот отырысына дәлелді себепсіз келмеу арқылы сот процесінің қалыпты өтуіне кедергі келтірген.
«Осылайша, ол процесс барысын қасақана созып, сотқа және басқа да қатысушыларға құрметсіздік танытты, сондай-ақ кәсіби әдеп нормаларын бұзды», – деді судья.
Сот адвокат тарапынан орын алған заңбұзушылық туралы ақпаратты Астана қаласы заң консультациясының президиумына және Әділет департаментіне жолдау туралы қаулы шығарды.
Жеке қаулыны қарау нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы тиісті органдар сотқа бір ай ішінде хабарлауы тиіс.
Адвокаттың бұл қаулыға 15 күн ішінде шағым түсіруге құқығы бар.