Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында судья іс бойынша қорғау тарапының бірқатар өтінішін қарады. Іске жаңадан кіріскен адвокат Асхат Әлімовтің қылмыстық іс материалдарымен танысуға қосымша уақыт беру туралы өтініші қабылдамады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Судьяның түсіндіруінше, қорғау тарабына іс материалдарымен танысуға жеткілікті уақыт берілген.
– Сот істі қараудың осы кезеңінде өтінішті қанағаттандырусыз қалдыруды ұйғарды. Себебі сотталушының алғашқы сот отырысынан бері қорғаушысы бар. Ол қылмыстық іс материалдарымен танысу үшін уақыт беруді сұрады. Осыған байланысты оның өтініші негізінде сот отырысы басқа күнге ауыстырылып, қылмыстық іс материалдарымен танысуға жеткілікті уақыт берілді, – деді судья Меруерт Абаева.
Сонымен бірге судья іске жаңадан кіріскен қорғаушы, адвокат А.Әлімовке сот отырыстары арасында қылмыстық іс материалдарының барлығымен өз бетінше танысуға құқылы екенін түсіндірді.
Сондай-ақ сот жәбірленуші Айнұр Нұрпейісованы бірінші кезекте жауап алу туралы мәселені әзірге қараған жоқ. Судьяның айтуынша, бұл өтініш дәлелдемелерді зерттеу тәртібі белгіленгеннен кейін қаралады.
Сарапшыны сот отырысына шақырып, жауап алу мәселесі де ашық қалды. Сот бұл өтінішті мерзімінен бұрын берілген деп таныды, себебі қылмыстық іс материалдары әлі зерттелмеген.
– Сарапшыдан жауап алу қажеттігі туралы мәселе қылмыстық іс материалдары зерттелгеннен кейін шешіледі, – деді Меруерт Абаева.
Еске сала кетсек, фельдшер Ұлдана Мырзуан өліміне қатысты алғашқы сот отырысы 18 тамызда басталған еді.