Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
– Құрылыс салушылар үшін кіру критерийлері төмендетілді, бірақ салынып жатқан тұрғын үйдің мониторингі мен сапасы бойынша талаптар күшейтілді. Жұмыс тәжірибесі бойынша талаптар 3 жылдан 2 жылға дейін; ауданы бойынша Астана, Алматы, Шымкент қалаларында 18 мың шаршы метрден 10 мың шаршы метрге дейін; өңірлерде 9 мың шаршы метрден 5 мың шаршы метрге дейін төмендетілді, – деді Б.Айдапкелов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Екінші деңгейдегі банктердің құралдарын пайдалану мүмкіндіктері де кеңейтілді. Енді құрылыс салушы 1 шоттың орнына 3 шот ашуға құқылы. Екінші деңгейлі банктердің кредиттік қаражатын үлестік ақшамен араластыру құқығы берілді.
– Бұрын үлестік құрылыс заңнамасын айналып өтіп, белсенді қолданылған әртүрлі алдын ала брондау шарттарын жасасуға тыйым салынды. Үлестік құрылыс тетіктері көппәтерлі тұрғын үйге ғана емес, аз қабатты, коммерциялық жеке тұрғын үйлер кешеніне де, сондай-ақ апатты және ескі тұрғын үйлерді жаңарту жобаларын іске асыруға да қолданылатын болады, – деді холдинг өкілі.
Сонымен бірге, азаматтарды хабардар ету мақсатында «Қазтізілім» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Онда үлескерлердің қаражатын тартуға құқығы бар және құқығы жоқ салынып жатқан объектілер туралы ақпарат ашық орналастырылған.
– Бүгінгі таңда жүйеде 1,3 мың салынып жатқан үлестік құрылыс нысаны, 170 құрылыс салушы және 200 мыңнан астам үлестік қатысу шарттары тіркелген. Үлескерлер мен пайдаланушылардың бірыңғай тізілімі жүргізіледі. Салынып жатқан тұрғын үйді сатып алу мәмілелерінің заңдылығы расталып, «қосарлай» сатудың алдын алады, – деді Б.Айдапкелов.
2026 жылғы қаңтардан бастап үлестік қатысу туралы тіркелген шарттар бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдерді тексеру сервисі іске қосылды. Бұл үлескерлер мен құрылыс салушылар арасындағы есеп-айырысудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Қаражаттың нысаналы пайдаланылуын бақылауды күшейтеді және тұрғын үй салу кезінде ақшаны заңсыз тарту тәуекелдерін азайтады. Қазіргі уақытта сервиске 10 екінші деңгейлі банк қосылған.
Ыңғайлы болу үшін eGov Mobile және коммерциялық банктердің қосымшаларында үлестік құрылыс объектілерін тексеру функционалы іске қосылды. Бүгінде осы қызметті 5 млн астам адам пайдаланды.
Айта кетейік, биыл Отбасы банк 70 мың салымшыға 1,6 трлн теңге жеңілдетілген ипотекалық қарыз береді.