Ұлт көсемі ұрпағының беймәлім суреттері

11.03.2026

Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві – еліміздегі аудиовизуалды құжаттарды сақтауға маманданған бірегей мекеме. Архив қорында ел тарихының маңызды кезеңдерін қамтитын 100 мыңнан астам фотосурет, киноқұжат пен дыбыс жазбасы жинақталған.

1-сурет: Әлихан Бөкейханның перзенті, инженер-геолог Өкітай Бөкейхан. 1928 жыл. ҚР ОМКФҚДЖА. Арх. № E-24323.

Алаш ұлт-азаттық қозға­лысының жетекшісі, Алаш партиясы және Алашорда үкіметінің төр­ағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның ұрпақтарына қатысты құнды фотосуреттер өңдеуден өтіп, ресми түрде архив қорына қабылданды. Бұл суреттер ұлт көсемінің 160 жылдық мерейтойына тамаша тарту деп есептейміз.

2-сурет: Әлихан Бөкейхан балалары: ұлы Өкітай Әлиханұлы Бөкейхан, қызы Зейнеп Әлиханқызы Сәдуақасова (оң жақта). Қаңтар, 1930 жыл. ҚР ОМКФҚДЖА. Арх. № E-24324.

Осы күнге дейін Әлихан Бөкейхан бейнесі таңбаланған 30-дан астам фотосурет ғылыми айналымға енген. Тарихи суреттер әр жылдары жарық көрген ғылыми еңбектер мен жинақтарда жарияланып, зерттеушілер тарапынан кеңінен пайдаланылып келеді. Олардың қатарында Смағұл Сәдуақасұлының «Екі томдық шығармалар жинағы» (Алматы, 2003), академик Дихан Қамзабекұлының «Смағұл Са­дуа­қасов: Ғұмырнамалық деректі хикаят» (Алматы, 2009) ат­ты зерттеуі, «Алашорда: Фото­альбом» (Алматы, 2017), алаштанушы Сұлтанхан Аққұлының «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы» екі томдық еңбегі (Астана, 2017), «Дінмұхамед Қонаев: Әлихан Бөкейхан – Алты Алаштың пірі, рухани көсемі...» (Нұр-Сұлтан, 2021) және басқа да басылымдар бар. Сонымен қатар соңғы жылдары журналист Серікбол Хасан Карл Булла түсірген бірнеше фотосуретті анықтап, көпшілік назарына ұсынды.

3-сурет: Зейнеп Әлиханқызы Сәдуақасова жұбайы, мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасұлымен. Орталарында ұлы Ескендір. 1931 жыл. ҚР ОМКФҚДЖА. Арх. № E-24325.

Ал Әлихан Бөкейхан ұрпақ­тарының тағдыры да зерттеуші­лер назарынан тыс қалған емес. Олардың өмір жолы турасында жоғарыда аты аталған еңбектерде мәліметтер беріліп, бірқатар фо­то­суреті жарияланған. Енді, міне, солардың қатарын оқыр­ман қауым назарына ұсын­ға­лы отырған тың суреттер толық­тырып отыр.

Ұлт көсемі мен зайыбы Елена Яковлевна Севостьянованың от­басында Зейнеп (Елизавета) (1903–1971), Өкітай (Сергей) (1905–1957) есімді балалары дү­ниеге келген.

4-сурет: Зейнеп Әлиханқызы Сәдуақасова – 3-дәрежелі әскери дәрігер.
Солтүстік-Батыс майданы. 1942 жыл. ҚР ОМКФҚДЖА. Арх. № E-24326.

Зейнеп Әлиханқызы Сәдуақас келіні – медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ АКСР Ағарту халық комиссары Смағұл Сәдуақасұлының (1900–1933) жұбайы. Екінші дүниежүзілік соғысқа әскери дәрігер ретінде қатысқан. Олардың жалғыз ұлы Ескендір (1924–1941) ерте есейіп, Екінші дүниежүзілік соғысқа өз еркімен аттанған. Мәскеу облысы Ново-Петров ауданына қарасты Скирманово ауылы маңындағы шайқастың бірінде хабарсыз кеткен.

5-сурет: Өкітай Әлиханұлы Бөкейхан – инженер-геолог. Башқұртстан, Ұшалы ауданы, Ұшалы ауылы. 1950 жыл. ҚР ОМКФҚДЖА. Арх. E-24327.

Өкітай Әлиханұлы Мәскеу тау-геологиялық институтының геологиялық барлау факультетін тәмамдаған. Оның кәсіби қызметі Жезқазған өңірімен тығыз байланысты. 1929 жылдан тау инженері ретінде еңбек етіп, Жезқазған кен орындарының келешегі жөнінде маңызды ғылыми еңбек жазды. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, әке­сінен кейін тұтқындалып, Норильскіге жіберілді. Кейін Хакас автономиялық облысының Сорск қаласына қоныстанып, геологиялық барлау экспедиция­сында бас инженер қызметін ат­қарды. 1957 жылы желтоқсанда өмірден өтті.

6-сурет: Инженер-геолог Өкітай Әлиханұлы Бөкейхан перзенті Евгениймен бірге. 27 қыркүйек, 1951 жыл.
ҚР ОМКФҚДЖА. Арх. E-24328.

Тұлға әулетінің ғылыми дәс­түрі кейінгі ұрпақтарында да жал­ғасын тапты. Немересі Евге­ний Өкітайұлы – техника ғы­лымдарының кандидаты (1977), шөбересі Петр – заң ғылым­да­рының кандидаты.

Қайраткердің ұрпақтары бейнеленген 11 фотосурет архив қо­рына өткен жылдың соңында қа­былданды. Тағы бір айта кетер­лігі, суреттер түпнұсқа дерек қа­тарына жатады. Олардың кейбірі бұрын ғылыми айналымға енге­ні­мен, фотосуреттерге қатысты мәлі­меттер нақтыланып, толық­ты­рылды. Жалпы алғанда, фото­құ­жаттардың дені алғаш рет оқыр­ман назарына ұсынылып отыр.

7-сурет: Инженер-геолог Өкітай Әлиханұлы Бөкейхан әріптестерімен бірге. РКФСР, Барнаул қаласы. Қыркүйек, 1954 жыл. ҚР ОМКФҚДЖА. Арх. E-24329.

Қорыта келе айтарымыз, тұлғаға қатысты беймәлім фото­суреттерді жинақтап, анықтап, фотоальбом түрінде ғылыми қауымға ұсыну – әлихантану саласының кезек күттірмейтін маңызды міндеттерінің бірі.

8-сурет: Инженер-геолог Өкітай Әлиханұлы Бөкейхан (1-қатар, солдан 4-ші) туысы Райымжан Әзиханұлы Бөкейханның (2-қатар, солдан 2-ші) отбасымен бірге.
Солдан оңға қарай: 1-қатар: Гүлжан (Гуля) Райымжанқызы, 1952 ж.т.; жары Хайрия (Галя), 1915 ж.т.; Айжан (Айя) Райымжанқызы, 1946 ж.т. 2-қатар: Нұрым Райымжанұлы, 1940 ж.т.; Райымжан Әзиханұлы Бөкейхан, 1908 ж.т. 10 маусым, 1955 жыл. ҚР ОМКФҚДЖА. Арх. E-24330.

 

9-сурет: Инженер-геолог Өкітай Әлиханұлы Бөкейхан (портрет).
1956 жыл. ҚР ОМКФҚДЖА. Арх. E-24333.

10-сурет: Инженер-геолог Өкітай Әлиханұлы Бөкейхан (сол жақта, үстел басында отыр) әріптестерімен бірге. 1957 жыл. ҚР ОМКФҚДЖА. Арх. E-24331.

11-сурет: Зейнеп Әлиханқызы Сәдуақасова – медицина ғылымдарының докторы, профессор. 1969 жыл.
ҚР ОМКФҚДЖА. Арх. E-24332.

Рамазан ӘБІЛДОС,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты, Ғ.Мұратбайұлы атындағы республикалық жастар сыйлығының лауреаты

Соңғы жаңалықтар

IBF Жәнібек Әлімханұлын чемпиондық белбеуінен айырды

Кәсіпқой бокс • Бүгін, 09:27

Бүгін доллар қанша теңгеден саудаланып жатыр?

Қаржы • Бүгін, 09:13

Мал ұрлығының алдын алу өзекті

Қылмыс • Бүгін, 09:00

Зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күшейеді

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:55

Ұлт көсемі ұрпағының беймәлім суреттері

Тарих • Бүгін, 08:50

Теміржол торабы: Саладағы кешенді жаңғыру

Экономика • Бүгін, 08:45

Алаяқтар айласы таусылар емес

Қылмыс • Бүгін, 08:43

Автолизинг неге аяқсыз қалды?

Экономика • Бүгін, 08:40

Сталкингке жол жоқ

Құқық • Бүгін, 08:37

Қоймаларда картоп жеткілікті

Шаруашылық • Бүгін, 08:35

Жымпитыдағы тағылымды жиын

Қоғам • Бүгін, 08:32

«Qazaq Digital mektebi»

Digital • Бүгін, 08:30

«Shyraq AI» игілігі

Digital • Бүгін, 08:25

Білімді бақылау жүйесінде алға озды

Білім • Бүгін, 08:20

Құрылысты цифрландыру қарқыны күшейеді

Үкімет • Бүгін, 08:17

Барлық жаңалықтар

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью