Ұлт пен ұлысты ұйыстырған күн

21.03.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Бүгінде ұлық мерекенің салмағы бұрын­ғыдан да жоғары сипатқа ие десек қателес­пейміз. Мыңдаған жылдар бұрын қалып­тасқан Наурызды ЮНЕСКО тарапынан адамзаттың мәдени мұрасының бірі ретінде тануы оның кезекті рет мойындалғанын айқын көрсетеді. Ал Біріккен Ұлттар Ұйы­мының 21 наурызды халықаралық Наурыз күні деп жариялауы әлемдік деңгейдегі орнын айшықтай түсті.

Сыр бойында көпұлтты халық шоғыр­ланған ауылдар бар. Соның ішінде бірлігі бекем, берекелі мекен саналатын Қармақшы ауданына қарасты ІІІ Интернационал ауы­лының тұрмысы көрген жанды таңдай қақ­тырады. Алақандай ғана ауылда тұратын түрлі ұлт өкілдерінің татулығы мен ауыз­бір­шілігі көпке үлгі. Әсіресе, әз-Наурызды той­лау сәтінде ерекше белсенділіктері жо­ғары. Бұл адамды нәсіліне, дініне, тіліне қа­рамай, түрлі ұлттың мәдениеті мен дәстү­рін тоғыс­тыратын күн екенін айшықтай түседі. 

Сыр өңіріне қоныстанған өзге ұлт өкіл­дері, оның ішінде аталмыш ІІІ Интерна­ционал тұрғындарының татулығы мен бірлігі бір ғана Наурыз мейрамында айқын сезіледі. Ауылдағы түркітілдес ұлттарды айтпағанда, орыс, кәріс, неміс сынды басқа да этнос өкіл­дері киіз үй тігіп, қазақтың ұлттық киімдерін киіп, тағамдарын әзірлеп, дәстүрлі ойын­дарға қатысып, мерекенің көрігін қыздыруға күш салады. Бір-біріне кешіріммен қарап, ізгі тілектерін арнап жатады. Қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, мұқтаж жандарға көмек қолын созу үрдісін де мерекенің ажырамас бөлігіне айналдырған. 

Жалпы, біз айтып отырған 2000-нан астам халық тұратын алақандай ғана ауылда 11 ұлт өкілі мамыражай тұрмыс кешіп жатыр. Ұлты басқа болғанымен, тілегі бір арнада тоғысқан интернационалдық жамағаттың бір-біріне деген құрметі ерекше. Наурыз мерекесі түркітілдес елдердің ортақ құнды­лығы саналғанымен, бауырлас ұлт өкілдері ұлық мерекені мүмкіндігінше қазақы сипатта тойлауға айрықша мән береді. Көп жағдайда ортақ мерекенің қазақ халқының тойлау үрдісіне ұқсастықтары басым екенін айтады.

«Негізінен, қазақ халқының Наурыз мей­рамын тойлау сипаты түрік, әзербайжан, өзбек ұлттарының үрдісімен ұқсастығы көп. Анау айтқандай айырмашылық байқалмайды. Өзбек халқының дәстүрінде де Наурыз көже секілді тағам түрі дайындалады. Бұл дәстүрлі тағам «сумаляк» деп аталады. Бұл тағамның өзіндік дайындалуы ерекше маңызға ие. Бидайдан жасалатын бұл ұлттық тағам бір­неше сағат бойы дайындалады. Мұны дәстү­рімізде ұлттық тағам әрі халықтың бірлігі мен татулығының нышаны ретінде бағалайды. Сол күні қазан басында ән айтып, бір-бі­рімізге ақжарма тілектерімізді арнаймыз. Бұл тағам өзбек қана емес, түрік пен әзербайжан ұлтына да тән. Жалпы, тағам әзірлеу жағынан өзгешелік болғанымен, наурызды тойлау сипаты қазақы дәстүрмен сабақтас болып келеді», – дейді Гукчак Искендирова.

Наурыз мерекесін көктемнің келуімен қатар, халықтың бірлігін нығайтатын ұлы мейрам ретінде бағалайтынын жеткізді түрік ұлтының өкілі, ауылдың тағы бір тұрғыны Аида Сүлейманқызы.

«Өзім ауылдық мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Жыл сайын мереке күні отбасымызбен ұлттық киімдерімізді киіп, ауылдық мәдениет үйіне жиналамыз. Мере­келік дастарқаннан дәм-татып, әдеп-ғұрып, салт-дәстүрімізді көпшілікке паш етеміз. Түрік халқының ұлттық тағамдарын ұлық­тай­мыз. Бірақ дастарқанымыздан қазақы тағамдар да үзілмейді. Бауырсақ пен ет таға­мын жиі әзірлейміз. Жалпы, түрік ұлтының мәдениетінде бұл мерекені Nevruz деп атай­ды. Ұлық мереке түрік халқының түсінігінде де жыл басы, табиғаттың оянуы деген жоғары маңызға ие. Сондай-ақ тағы бір ерекшелігі­міз – бұл күні өзіміз өсірген бидайдан та­ғамдар жасап, дастарқанға қоямыз. Бұл біз үшін береке мен молшылықтың нышаны сана­лады. Бұған қоса, айналамызды, аула­мызды тазалап, тал егу үрдісіміз де бар»,– дейді Аида Мутиева.

Оның айтуынша, биылғы мерекені де ерекше үрдістен бастаған. Отбасында екі қыз тәрбелеп отырған ол мереке қарсаңында Лиза Сәндібекова есімді әріптесіне қазақы дәстүрге сай кіші қызының тұсауын кестіріпті.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью