Ұлт саулығы: Жаңғыру мен өркендеу кезеңі

20.06.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Кадрлық әлеует – саланың басты капиталы

Мемлекеттің өркендеуі адам капи­та­лы­ның сапасына, ал ұлттың болашағы халық денсаулығына тікелей байланыс­ты. Сондықтан ел саулығын сақтау ісі тек әлеу­меттік саланың емес, мемлекеттің стра­тегиялық басымдықтарының бірі сана­лады. Осы тұрғыдан алғанда, халық ден­саулығының күзетінде тұрған медицина қызметкерлерінің еңбегі еліміздің тұрақты дамуы мен әл-ауқатының маңыз­ды кепілі болып табылады.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, кейінгі жылдары еліміздің денсаулық сақтау жүйесі ауқымды жаңғыру кезеңінен өтті. Медициналық инфрақұрылым нығайып, жаңа нысандар пайдалануға берілуде, цифрлық технологиялар кеңінен енгізіліп, медицина қызметкерлерін қолдау шаралары күшейтіліп келеді. Мемлекет ден­саулық сақтау жүйесін жетілдіру, меди­цина мамандығының беделін арттыру және сала мамандарына лайықты еңбек жағ­дайларын жасау бағытындағы жұмыс­тарды жүйелі түрде жалғастырып келеді.

Денсаулық сақтау жүйесін кезең-кезеңімен жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту, медицина ғылымын өркендету, цифрлық технологиялар мен жасанды ин­теллектіні тәжірибеге енгізу бағытындағы жұмыстар жоспарға сай жүзеге асырылуда. Алайда бұл жүйенің басты құндылығы – адам капиталы, яғни білікті мамандар. Бүгінде салада 280 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Оның ішінде 83 994 дәрігер мен 196 561 орта буын медицина қызметкері бар.

Мемлекет медицина қызмет­керлерінің мәртебесін көтеру, әлеуметтік қолдау көр­сету және құқықтарын қорғау бағытында дәйекті саясат жүргізіп келеді. Осы мақ­сатта медицина қызметкерлерінің мәр­те­бесін арттыру туралы заң қабыл­да­нып, алғаш рет дәрігерлердің кәсіби жауап­кершілігін міндетті сақтандыру жүйесі ен­гізілді. Дәрігерлерді құқықтық тұр­ғы­­дан қорғау үшін жалпы көлемі 306 млн тең­геден асатын сақтандыру пулы құрылды.

Дәрігер мен мейірбике қоғам мен мемлекет тарапынан құрмет пен қауіпсіздікті сезінуге тиіс. Осыған байланысты медицина қызметкерлеріне қатысты агрессия мен зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық түзетулер қабыл­данды. Ендігі жерде дәрігерлерге күш көрсету мен олардың қызметіне кедергі келтіруге жол берілмейді.

Медицина саласының сапалы дамуы үшін қуатты ғылыми орталықтар мен заманауи кадр даярлау жүйесінің маңызы ерекше. Осы мақсатта интерндердің мәртебесін арттыру және клиникалық оқытуды кеңейту бағытында заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Енді интернатура медициналық көмек көрсету үдерісіне тікелей қатысатын толыққанды кәсіби даяр­лық кезеңіне айналады. Түлектер оқуын аяқтағаннан кейін базалық меди­циналық бағыттар бойынша дербес жұмыс істеуге мүмкіндік алады, ал резидентура мамандардың терең бейіндік даяр­лығын қамтамасыз етеді. Бұл өзгеріс­тер кадр даярлау сапасын арттырып қана қоймай, өңірлердегі маман тапшылығын азайтуға да ықпал етеді. 

Ғылым және технология: медицинаның заманауи келбеті

Отандық ғалымдар да медицина ғылымын дамыту бағытында маңызды жетіс­тіктерге қол жеткізіп келеді. Бүгін­де олар аса қауіпті инфекцияларды анық­тауға арналған молекулалық-генетикалық тест жүйелерін әзірлеп, вакциналардың жаңа буынын жасаумен айналысып жатыр. Сонымен қатар созылмалы аурулардың даму қаупін болжауға мүмкіндік беретін ұлттық платформалар құрылуда. Тек 2025 жылдың өзінде елімізде 94 шетелдік медициналық технология бейімделіп, диагностика мен емдеудің 103 жаңа әдісі енгізілді. Соның нәтижесінде Қазақстан Орталық Азия мен ТМД кеңістігіндегі өңірлік медициналық хаб ретінде танылып, медициналық туризмнің дамуына жаңа серпін беріп отыр. Бірқатар жетекші клиника халықаралық JCI аккредитациясынан өтіп, көрсетілетін қызмет сапасының жоғары деңгейін растады.

Медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары да жыл сайын кеңейіп келеді. Кейінгі үш жылда тұрғын үймен қамту, көтерме жәрдемақы беру және коммуналдық шығындарды өтеу түріндегі қолдау алған дәрігерлер саны 6,7 есеге артты. Әсіресе шалғай ауылдық жерлерге барған тапшы мамандық иелерін ынталандыруға басымдық беріліп жатыр. Осы мақсатта 529 дәрігерге 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде, яғни 8,5 млн теңге көлемінде біржолғы төлем берілді. Сонымен қатар биылғы 1 қаңтардан бас­тап жедел жәрдем, инфекциялық қызмет және санитариялық-эпидемиологиялық сала қызметкерлерінің жалақысына 30 пайызға дейін үстемеақы енгізілді. Қа­былданған кешенді шаралардың нәти­жесінде дәрігер тапшылығы 2023 жылмен салыстырғанда ел бойынша 20 пайызға, ал ауылдық жерлерде 30 пайызға қысқарды.

Халыққа медициналық көмектің қол­жетімділігін арттыру мақсатында ауруханалар мен емханалар желісі кеңейіп ке­леді. Астанада Ұлттық онкологиялық орталықтың жаңа блогі пайдалануға бе­рілсе, Алматыда Ұлттық инфекциялық ауру­лар орталығы ашылды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанының құрылысы толық аяқталды. Нәтижесінде, бір миллионнан астам ауыл тұрғыны өз елді мекенінде сапалы ме­дициналық көмек алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл жұмыстардың түпкі мақсаты – за­манауи технологияларға негізделген, тұрақты дамитын әрі ең бастысы адам мүд­десіне қызмет ететін денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру.

Әлеуметтік саясаттың маңызды жетіс­тіктерінің бірі – тегін медициналық кө­мектің кепілдік берілген көлемін сақ­тап қалу. Медициналық қызметтердің қол­жетімділігі мен сапасын арттыру бағы­тында атқарылған жұмыстардың нәти­жесінде шамамен 300 мың адам онко­ло­гия­лық ауруларды тегін диагностикалау мүм­кіндігіне ие болды. Балаларға жасала­тын ашық жүрек операцияларының жылдық саны 2 мыңға жетті. Сонымен қатар 3,4 млн азамат тегін дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз етілді. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтуды қаржыландыру кө­­лемі 337,4 млрд теңгеге дейін өссе, ба­ла­лар­ға көрсетілетін медициналық көмек­ті қар­жыландыру көлемі 585 млрд теңгеге жетті.

«Медицина қызметкерлерін әлеумет­тік қолдаудың кең ауқымды пакеті кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. 2025 жылдың қорытындысында оның жалпы көлемі 4,5 млрд теңгеден асты. Бұл – 2024 жылғы көрсеткіштен екі есе жоғары. Өткен жылы өңірлерге жұмысқа барған 1760 дәрігер әлеуметтік қолдау шараларын пайдаланды. Оның ішінде 546 дәрігер қалаларда, 205 дәрігер моноқалаларда, ал 1009 дәрігер ауылдық елді мекендерде еңбек етеді. Сондай-ақ тапшы мамандық иелері саналатын 529 дәрігерге 8,5 млн теңге көлемінде біржолғы төлем берілді. Көтерме жәрдемақы бойынша 236 маман республикалық бюджеттен, 1399 маман жергілікті бюджет есебінен қолдау алды. Бұдан бөлек, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерге барған мамандарға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік несие мен 100 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы қарастырылғанә, деді Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаменті директорының орынбасары Бағжан Мұхаметбек.

Медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары дәрігерлердің негізгі міндеті адам өмірін сақтау мен ұлт денсаулығын нығайтуға қолайлы жағ­дай жасауға бағытталған. Кейінгі жеті жылда елімізде 1250-ден астам ден­сау­лық сақтау нысаны салынды. Оның ішінде ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында 200-ден астам елді мекен алғаш рет өз медициналық мекемесіне қол жеткізді.

Сонымен қатар қолданыстағы ауруханалар мен емханалар жаңартылып, заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіліп жатыр. Цифрлық технология­лар мен телемедицина кеңінен енгізіліп жатыр. Профилактикалық медицина дамып, скринингтік бағдарламалар ауқымы кеңеюде. Ерте диагностикалаудың жаңа әдістері енгізіліп, диспансерлік бақылау жүйесі жетілдіріліп жатыр. Мұның бәрі дәрігерлердің диагностикалық және кеңестік қызмет көрсету мүмкіндіктерін едәуір арттырды.

Цифрландыру мен қолжетімді медицина

Денсаулық сақтау жүйесін цифр­лық трансформациялау да басты басым­дықтардың бірі болып отыр. Осы мақсатта e-Densaulyq бірыңғай архитектурасы негізінде саланың цифрлық кеңістігін қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, денсаулық сақтау сала­сындағы 23 мемлекеттік ақпараттық жүйе жеті негізгі цифрлық компонентке бірік­тірілмек. Қазіргі уақытта олардың төртеуі толық іске қосылды.

Сонымен қатар пациенттерді динами­калық бақылаудың жаңа форматы енгізі­ліп, цифрлық мониторингпен 3,6 млн адам қамтылды. Медицинаны қаржы­ландыру жүйесінің ашықтығын қамта­масыз ететін «Qalqan» цифрлық платформасы іске қосылды. Бүгінде оған еліміздегі барлық медициналық ұйымдар, яғни 1700-ден астам клиника мен 5 мыңға жуық бірлескен орындаушы ұйым қосылған.

«Цифрлық бақылау картасы» жүйе­сі дәрі­герлерге пациенттің ауруханаға жат­қы­зы­луы, тағайындалған ем-шара­лары мен ре­цептері туралы ақпаратты өңірге қара­­мас­тан жедел көруге мүмкіндік береді. Қазір­­гі таңда Денсаулық сақтау министрлігі бірың­ғай цифрлық кластерге 21 мыңнан астам ме­дициналық ұйымды, 275 мың меди­ц­ина қызметкерін және 141 мыңнан астам ме­ди­циналық техника бірлігін бірік­ті­ріп отыр.

Сондай-ақ дәрілік заттарды дербес­тендірілген жоспарлау жүйесі енгізілді. Бұл жүйе 1,9 млн пациент пен 683 меди­циналық ұйымды қамтиды. Ал 2026 жылға ар­налған жоспарлау көлемі 330,9 млрд теңгені құрайды.

Кәсіби мереке қарсаңында бұл көрсет­кіштер отандық денсаулық сақтау жүйе­сінің даму қарқынын және ұлт ден­саулығын қорғау бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыс нәти­же­сін айқын көрсетеді. Ал саланың ұзақ­мерзімді басымдықтары 2029 жылға дейінгі денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасында белгіленген.

Бүгінде денсаулық сақтау саласына кәсіби деңгейі жоғары, заманауи технологияларды жетік меңгерген жаңа буын мамандар көптеп келуде. Мемлекеттің басты міндеті – олардың әлеуетін толық ашу­ға мүмкіндік беретін қолайлы орта қа­­лып­тастыру. Өйткені денсаулық сақ­тау жүйе­сін нығайту мен медицина қыз­мет­кер­лерін қолдау – ұлт саулығы мен елдің­ бола­шағына салынған маңызды инвестиция.

Әл-Фараби медицинаны өнер деп бағалаған. Шынында да, дәрігер болу – үлкен жауапкершілік пен жанкештілікті та­лап ететін ерекше мамандық. Ақ халат­ты аб­зал жандар күн сайын адам өмірі мен ден­саулығы үшін күресіп, қоғам­ның ең қым­бат байлығы – халық саулы­ғын қор­ғап келеді. Сондықтан медици­на қыз­мет­кер­леріне жан-жақты қолдау көр­сету, олар­дың мәртебесін арттыру және денсаулық сақтау жүйесін одан әрі да­мыту Әділетті Қазақстанды құру жолын­дағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью