Ұлттың заманауи келбетін қалыптастыратын басты құжат

01.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Конституциялар әдетте дамудың жаңа кезеңіне өту қажеттігін қоғамның өзі сезін­ген кездері қабылданған. Осы­лайша, негізгі заң – тек бүгінге емес, болашаққа бағ­дарланған құжатқа айналған. Біздің еліміз де жетілген әрі жауапты мемлекет ретінде әлемдік озық тәжірибелерді негізге ала отырып, эволюциялық жаң­ғырудың өзіндік төл моделін қалыптастырды.

Мемлекеттік саясатымыз­дың сындарлылығы бүгінгі күннің міндеттерін шешумен ғана шектелмейді. Оның бас­ты ерекшелігі – мемлекеттің тарихи болашағының мәнін терең пайымдай білуде. Сон­дықтан бүгінде еліміздің өркен­деуіне берік құқық­тық негіз қаланып, стратегия­лық бағ­дары айқындала түсті. Ал Әділеттілік алғаш рет Консти­туцияның өзегі, оның басты қағидаты ретінде бекітілді.

Мемлекеттік саясаттың барлық ресурсы адам игілігіне бағытталды. Адам – елдің табысты дамуының діңгегіне айналды. Адамға ерекше мәр­тебе әрі басымдық беру – Президент жүргізіп отырған бүкіл реформаның түпкі мәні әрі Қазақстанның жаңа даму моделінің негізгі арқауы.

Енді мемлекеттік дамудың жаңа парадигмасының өзегінде азаматтың конституциялық кепілдіктерін қамтамасыз ету, оның қабілет-қарымын ашуына тең мүмкіндік жасау, сондай-ақ білім беруді, ғылымды, денсаулық сақтауды, мәдениетті, заманауи технологияларды жан-жақты дамыту міндеттері тұр. Осы тұрғы­дан алғанда, жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін бұлжымас бағдар бол­мақ. Ол жастарға нық сенім беріп, болашаққа деген айқын көзқарас пен ұдайы мем­лекетті тірек тұту сезімін орнықтырады.

Бүгінде негізі қаланып жат­қан ауқымды цифрланды­ру, жасанды интеллект өнім­дерін кеңінен пайдалану, смарт-қалалар мен озық білім беру жүйесін дамыту, жаңа эко­номикалық саясат пен эко­логиялық жауапкерші­лік – Қазақ­станның келешек кел­бетін айқындайтын біртұтас даму аясы. Осындай елде Ұлы Дала­ның мыңжылдық та­ри­хи мұрасын риясыз мақ­­­тан тұтатын жаңа буын өсіп-жетіледі.

Жаңа Конституция ұлттың жаңа кодын, жаңа сапасын қа­лыптастырады. Өз тарихы мен тамырын терең тану әр аза­маттың көкірегіне сенім ұяла­тып, берік рухани тірек сый­лайды. Кітап оқу мәде­ниеті, терең білім және үздік­сіз өзін-өзі жетілдіру әр аза­маттың табысқа жетуінің кіл­тіне, өмірінің басты мәніне айна­лады. Сонымен бірге бола­шақ Қазақстан халқының эколо­гиялық сана-сезімі де арта түседі.

Қазірдің өзінде Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» идеясы жалпыхалықтық қоз­ғалысқа ұласқанын көріп отыр­мыз. Ол еліміздің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған жанашыр азаматты жұмылдыр­ды. Бұл қоғамымыздың таби­ғат­пен үйлесімді, таза әрі жасыл желекті Қазақстанда өмір сүруге деген ұмтылысын көрсетеді. Мұндай өмір салты әр қазақстандықтың қалыпты ұстанымына айналмақ.

Жалпы, жаңа Конститу­цияның ең басты жемісі озық ойлы, жаңашыл азамат қа­лыптастыру болмақ. Ол – интеллектуал, мәдениетті, өнегелі, заңға мойынсұнатын, отаншыл, өз елін мақтан тұтатын әрі оның өркендеуі жолында аянбай еңбек ететін тұлға. Жаңа Ата заңның қағидат­та­ры мен құндылықтары негі­зінде тәрбиеленген жаңа қазақ­стандықтың кел­беті дәл сондай болмақ. Бұл – Президенттің жаңа Кон­ституция авторы ретінде елдің Негізгі заңына арқау еткен асыл мұраты.

Мемлекет басшысының осы стратегиялық бағдарына халық толық сенім артып, жан-жақты қолдады. Ол – Қазақстан азаматтарының ор­тақ таңдауы. Әр мемлекеттің тарихында оның ондаған жыл­ға межеленген даму көкжие­гін айқындайтын шешуші кезең­дері болады.

Қазақстан үшін мұндай тарихи сәт – бүгінгі күн. Бұл – ұлттың кемелдігін, қоғам­ның бірлігін және еліміздің жаңа белестерге нық қадам бас­қанын паш ететін жаңа Конституцияның күшіне енген күні.

Ерлан ҚОШАНОВ 

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью