Ұлттық байлықтың жаңа тынысы

16.07.2026

Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Осы арқылы жаңа Ата заңның 8-ші бабындағы «жер жəне оның қойнауы, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген ізгі қағидат әрі қарай іске асып, ұлттық байлық ел игілігіне тиімді қызмет етпек. Бұл президенттік бастама қалай орындалады? Бұған дейін газдандыруда қандай жетістікке қол жеткізілді?

Көгілдір отынның кең өрісі

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сө­зін­де Қазақстан аймақтағы мұнай-газ өндіретін жетекші мемлекет ре­тінде отынға қатысты мәселелер­ді толық шешуге міндетті екенін, тиі­сінше, соған мүмкіндік беретін мық­ты инфрақұрылымды қалып­тас­тыруы керегін қадап айтты.

– Бұл – аса маңызды және шұ­ғыл міндет! Көмірсутегі ұлттық эко­­номиканың негізін құрап, бюд­жет­ке валюталық түсімнің қомақты бө­лігін қамтамасыз етеді. Мұнай-газ шикізаты – экспорттан пайда әке­луімен қатар қалаларымыз бен ауыл­дарымызды қамтамасыз ететін ба­ғасы қолжетімді жылу мен қуат көзі. Сондықтан біз елді мекендерге газ құбырын тартуды жеделдетуді жос­парлап отырмыз. Көгілдір отын­мен қамту деңгейін қазіргі 65 пайыз­ға жуық көрсеткіштен 80 пайыз­ға дейін арттыру міндетін қоя­мын, – деді Қ.Тоқаев.

Үкіметтің дерегінше, өңірлерді газдан­дыруға бір жылда 112,4 млрд теңге жұмса­лыпты. Соның нәтижесінде, 2 мың шақы­рымнан аса желі салынды. Энергетика министрлігі, мысалы, «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры құры­лысының мерзімінен 1 жыл 4 ай бұрын аяқталуын «энергетика секторындағы маңызды оқиға» деп бағалады. Оны іске қосу Жетісу облысының 84 елді мекенін табиғи отынмен қамтуға және дәл осы өңірді газдандыру деңгейін 76%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Үкіметтің ресми мәліметіне жүгінсек, 2026 жылы Қазақстанды газдандыру көрінісі келесідей: 13,1 млн адам немесе жалпы халықтың шамамен 64,2%-ы кө­гілдір отын­ға қол жеткізді. Өңірлер ара­сында ең жоғары көрсеткіш Атырау және Маңғыстау облыстарында тіркелген – 99,8%. Одан кейін БҚО – 99,7%, Алматы қаласы – 99,6%, Шымкент – 97,8%, Ақтөбе облысы – 94,2%, Жамбыл облы-сы – 92%, Түркістан облысы – 87,8%, Қызылорда облысы – 83,2%, Алматы облысы – 77,8%, Жетісу облысы – 67,9%, Қостанай облысы – 60,4%. Газдандыру деңгейі төмен өңірлер қатарында Астана (17,7%), сондай-ақ Ақмола (15,3%), Қара­ғанды (5,8%), Ұлытау (4,3%) облыс­тары және ШҚО (3,3%) бар.

Табиғи газдың қызығын қазірден көріп отырған тұрғындарының үлесі жөнінен өңірлердің рейтингі өзгешелеу: Алматы қаласында – 2 млн 338 мың адам, Түркістан облысында – 1 млн 887 мың, Шымкентте – 1 млн 265 мың, Алматы облысында – 1 млн 242 мың, Жамбыл облы­сында – 1 млн 118 мың, Ақтөбе облысында – 900 мың, Маңғыстау облысында – 818 мың, Атырау облысында – 715 мың, Қызылорда облысында – 704 мың, БҚО-да – 694 мың, Жетісу облысында – 467 мың, Қоста­най облысында – 406 мың, Астанада – 290 мың, Ақмола облысында – 121 мың, Қара­ғ­анды облысында – 65,9 мың, ШҚО-да – 23,6 мың және Ұлытау облысын­да – 9,5 мың адам. Әйткенмен, Ranking агенттігінің сарапшылары Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Абай облыс­тарының әлі күнге мүлде газдан­дырыл­мағанын қаперге салды. Олай болса жауапты шенеуніктер осы аймақтарға да назар аударса жөн. 

Қуат бар жерде өрлеу бар

Сонымен бір мезгілде мемлекет тауарлық газдың ресурстық базасын кеңейтуге тырысып жатыр. Президент қойған міндеттерге сәйкес, Үкімет «Газ саласын дамытудың кешенді жоспарын» және «Перспективалы жаңа кенорындарын игеру жоспарын» бекітті. Оның аясында 30 жер қойнауы учаскесін игеру қарас­тырылған.  QazaqGaz  ұлттық компания­сымен 9 келісімшарт жасалды. Оның ішінде 6 жоба – барлау, 3 жоба – өндіру сатысында. 2023-2025 жылдары QazaqGaz және «ҚазМұнайГаз» Анабай, Барханная, Рожковское және Батыс Прорва кенорын­дарын өнеркәсіптік игеруге енгізді. 2027 жылы Западная Прорва кенорнының екінші іске қосу кешенін және Малдыбай, Придорожное, Өріктау кенорындарын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

– Елді газдандыру 2035 жылға дейінгі газдандырудың бас схемасы шеңберінде жүзеге асырылады. 2026 жылы газ тасымалдау жүйесін дамыту жалғасты. Барлығы 40 жоба көзделген: 7 ауыспалы жоба, 33 жаңа жоба бар. Солтүстік өңірлерді газдандыру мақсатында 2025 жылғы 9 қазанда Қазақстан Үкіметі мен ресейлік «Газпром» арасында «Есіл – Астана» магистралды газ құбырын салу жобасы туралы меморандумға қол қойылды, – деді энергетика министрі Ерлан Ақкен­женов. 

Оның түсіндіруінше, осы келісімді жүзеге асыру Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын газбен тұрақты түрде жабдықтауға, сондай-ақ елдің 4 солтүстік өңіріне табиғи газ жеткізу бағ­дарларын әртараптандыруға тиіс. Жобалар уақытылы қаржыландырылса, сондай-ақ «Есіл – Астана» магистралды газ құбырын салу жобасы табысты жүзеге асса, онда елді газдандыру деңгейі қазіргі 64,2%-дан 2035 жылға қарай 80%-ға дейін ұлғайып, Президенттің тапсырмасы орындалар еді.

Энергетика министрлігінің мәліме­тінше, 2025 жылы газ өндіру көлемі 68,2 млрд текше метрді құрады. Биылғы бес айда 25,9 млрд м3 газ өндірілді. 2026 жыл­ға арналған жоспар – 64,5 млрд м3. Тауарлық газ өндірісін 2026 жылы былтырғы 27,4 млрд м3 деңгейінде сақтау жоспарланып отыр. Биылғы бес айда 10 млрд м3 тауарлық газ өндірілді. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай Қазақстанда тауарлық газ өндірісі 31,3 млрд текше метрді құрауы қажет. Бұл көлем ішкі нар­ық­тың қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік бермек.

Министрліктің басым 6 міндеттерінің бірі – жаңа инфрақұрылымдық және газ өңдеу жобаларын уақытылы іске қосу. 2026 жылдың соңында «Бейнеу – Бозой – Шым­кент» магистралды газ құбырының ІІ желісінің І кезеңінің желілік бөлігінің құрылысын аяқтау жоспарланыпты. Ал 2027 жылы қуаты жылына 1 миллиард м3 болатын Қашағандағы газ өңдеу зауытын, сондай-ақ Жаңаөзен қаласындағы қуаты жылына 900 млн м3 болатын Қазақ газ өңдеу зауытын пайдалануға беру күтіліп отыр.  

2029 жылы «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының ІІ желісінің ІІ кезеңі жүзеге асырылуға тиіс. Бұл жылына 15 млрд текше метр тауарлық газ өткізу қуатына дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2030 жылға қарай Қаша­ғандағы қуаты жылына 2,5 млрд м3 газ өңдеу зауытын, сондай-ақ Қарашы­ғанақтағы қуаты жылына 5 млрд м3 бола­тын газ өңдеу зауытын іске қосу көз­делген. Аталған жобалар газ өңдеу көлемін ұлғайтып, газ тасымалдау инфра­құрылымын кеңейтіп, өңірлерді тұрақты газбен қамтамасыз етпек.

Цифрлы даму көшіне ілескен сала

Ақылмен істелген істің игілігі мен бере­кесі мол болады. Ал қазіргі заманның «үлкен ақылы» цифрлық әлемде шоғыр­ланған. Тұтынушыларға қызмет сапасын жаңа белеске көтеру және цифрлық сервистерді дамыту үшін газ саласын ауқымды цифрландыру жобалары кешені түрде жүзеге асырылмақ. Aqyl Energy жобасы шеңберінде газды есепке алудың зияткерлік аспаптары енгізіліп жатыр. Бүгінде елге 49 мың Smart есептегіш жеткі­зілді, жоба өндіріс пен тұрмыста жалпы 1 миллион 352 мың ақылды есепке алу аспабын енгізуге бағытталған. 

QazaqGaz Aimaq компаниясы тұты­нушыларға газ есептегішінің көрсеткіш­терін онлайн режимде тапсыруға мүмкіндік беретін цифрлық сервисті жүзеге асырды. Қызметтің басты артықшылығы – есепте­гіштің фотосуреті арқылы көрсеткіштерді автоматты түрде тану: бұл деректерді енгізу үдерісін жеңілдетеді. Сонымен қатар тұтынушылар нақты уақыт режимінде газ тұтыну көлемін, төлемдер тарихын, есептеулер мен берешек туралы ақпаратты көре алады. Бұдан бөлек, сервис есептеу құралын мерзімдік тексеруден өткізу қажеттілігі туралы уақытылы хабарлама жібереді. Мұның сыртында тәулік бойы кеңес беретін AI-көмекші пайдалану­шыларға үздіксіз ақпараттық қолдау көрсетеді екен.

Газ саласын цифрландыру аясында мемлекет газбен жабдықтауға қосылуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі мемлекеттік қызметті цифрлан­дыру жұмысын жүргізу үстінде. Цифрлан­дыру нәтижесінде қағаз құжат айналымы мен азаматтардың газбен жабдықтау ұйымдарына бару қажеттілігі жойылды. Бүгінде өтініш берушілер өтінімді онлайн режимде жолдап, оның қаралу барысын толық бақылай алады.

Осы арқылы мемлекеттік қызмет көрсету процесінің ашықтығы арттырылып, адами фактордың ықпалы азайтылды және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері төмендетілді. Азаматтар мен бизнес өтінімдерін eGov порталы және eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы береді.

«Бұдан бөлек, газ тарату желілері цифрландырылып жатыр. Бұған дейін 65 мың шақырым желі (91%-ы) және 2 млн 330 мың тұтынушы (93%-ы) цифрланды­рылды. Бұл газ тарату желілері мен тұтыну­шылардың бірыңғай цифрлық базасын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Министрлік тауар биржаларынан тыс ішкі нарыққа сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспарын қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік функцияны да автоматтан­дырды», – деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Саланы цифрлық трансформациялау үшін Жасанды интеллект министрлігіне Энергетика министрлігімен бірлесіп, газды есепке алудың бірыңғай цифрлық платформасын құру міндеті қойылды. Ресурстық базаны ұлғайту мақсатында Энергетика министрлігіне «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, жаңа перспек­тивалы учаскелерді геологиялық зерттеуді жеделдету, заманауи барлау технология­ларын белсенді енгізіп, жеке инвестиция тарту үшін ашық әрі қолайлы жағдай жасау жүктелді. «Бейнеу – Бозой – Шым­кент» газ құбырының екінші желісін, сондай-ақ «Есіл – Астана» жаңа газ құбырын уақытылы салудың стратегиялық маңызы зор. Бұл жобалар Астананы, оңтүстік және солтүстік өңірлерді газбен қамту сапасын арттырып, өнеркәсіптің дамуына серпін береді және еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтады.

Өңір әкімдіктеріне магистралды инфра­құрылым нысандарын пайдалануға беру мерзімдерін жергілікті газ тарату желілерінің дайындық деңгейімен үйлестіру тапсырылды. Бұл ретте тиімділіктің басты көрсеткіші тартылған құбырлардың ұзын­дығы ғана емес, үйлерінде газ пайда болып, желіге нақты қосылған абоненттер санымен өлшенбек.

Осы орайда елімізде тұтыну көлемінің серпінді өсуіне байланысты мемлекет шектеу енгізуге де мәжбүр. Үкімет қабыл­даған соңғы шешімге сәйкес, көгілдір отын бірінші кезекте тұрғындардың қажетті­лігіне және жоғары технологиялық өндірістерінің дамуына бағытталатын болады. Энергетика министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, тауарлық газға қосылғысы келетін жаңа өндіріс орын­дарының энергия тиімділігінің талап-критерийлерін 1 ай ішінде, келесі айдың ортасына дейін әзірлеу жүктелді. Премьер-министр Олжас Бектенов газды «энергияны көп қажет ететін және тиімді­лігі төмен өндірістерге бөлуге» тыйым салды. Тап­сыр­маларды бақылау және істі үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.

Қорыта айтқанда, газдандыру – жай ғана инженерлік жоба емес, ол елдің ертеңіне салынған инвестиция. Бұл – энергетикалық қауіпсіздік, экономикалық тұрақтылық және халықтың жайлы тұр­мысының кепілі. Былтыр ішкі газ тұтыну көлемінің 20 млрд текше метрге жетуі осының жарқын дәлелі. Экономика ілгерілеп, өндіріс өрістеп, халық саны мен тұрмыс деңгейі артқан сайын көгілдір отынға деген қажеттілік те ұлғая береді. Сондықтан саланы дамыту қысқамерзімді жоспармен емес, ұзақмерзімді көзқараспен жүзеге асырылғаны маңызды. Сонда ғана Қазақстанның әр өңіріне бағасы қолжетімді көгілдір отынның игілігі толық жетіп, елдің тұрақты дамуына берік негіз қала­нады.

Айхан ШӘРІП

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью