Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Базалық мөлшерлеме төмендегеннен кейін депозиттер бойынша мөлшерлемелер өзгере ме және кірістілікті бекітіп алғысы келетіндер қандай салымдарға назар аударғаны жөн? Бұл сұрақтарға Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жауап берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Депозиттер не болмақ?
Ұлттық банк басшысының айтуынша, егер азамат бекітілген мөлшерлемемен депозит ашса, банк шарттың қолданылу мерзімі ішінде оны біржақты тәртіппен өзгерте алмайды. Елдегі базалық мөлшерлеме өзгерсе де, бұл ереже сақталады.
"Егер сіздің депозиттік шартыңыз бір жылға жасалса, демек, мөлшерлеме де бір жылға бекітіледі және банктің оны біржақты тәртіппен қайта қарауға құқығы жоқ. Егер сіз 2026 жылдың шілдесінде 20 пайызбен шарт жасасаңыз, онда 2027 жылдың шілдесіне дейін мөлшерлеме 20 пайыз болып қала береді", – деп түсіндірді Сүлейменов.
Сондай-ақ ол жинақ депозиттеріне назар аударды. Оның айтуынша, мұндай салымдарда ақша алуға шектеу болады, бірақ оның орнына банктер жоғары кірістілік ұсына алады.
"Ақшаңызды банкке ұзақ мерзімге бергеніңіз үшін, ол оны қолдана алады және сіздің кез келген уақытта келіп, ақшаны шешіп алатыныңызды күтпейді. Сол үшін ол сізге қосымша кірістілік береді", – деп атап өтті Ұлттық банк басшысы.
Сүлейменовтің айтуынша, тұрақты қорландыру базасы банктерге жұмысты жоспарлауға және келешекте несиелерді неғұрлым тұрақты шарттармен беруге мүмкіндік береді.
Жоғары мөлшерлемені ұзақ мерзімге бекітіп алғысы келетіндерге Ұлттық банк төрағасы 12, 18 немесе 24 айлық мерзімге арналған жинақ депозиттеріне назар аударуды ұсынды.
Жаңа салымдар бойынша мөлшерлемелер төмендеуі мүмкінСонымен қатар Ұлттық банк басшысы банктердің нарықтағы жағдай мен салым мерзімін ескере отырып, депозит мөлшерлемелерін өз бетінше белгілейтінін атап өтті. Сондықтан базалық мөлшерлеме төмендегеннен кейін олар жаңа депозиттерді төменірек пайызбен ұсынуға құқылы.
Еске салсақ, бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 16,25 пайыздан 15,75 пайызға дейін төмендетті. Бұл неге әсер ететінін мына сілтеме арқылы оқыңыз.
Тағы оқыңыз: Ақшаны теңгемен әлде доллармен жинаған тиімді ме? Қай депозиттің табысы жоғары және ақшаны қайда салған дұрыс?
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу