Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Өңірде 120-дан астам мерекелік іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Сонымен қатар жаңа өндіріс орындары іске қосылып, медициналық, мәдени және спорт нысандары ел игілігіне берілуде. Бұл бастамалар өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, халықтың сапалы қызметтерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуда ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу мен отандық өндірісті өркендетуге ерекше мән беріліп отыр. Республика күні қарсаңында Ордабасы ауданында мал сүйегінен өнім өндіретін және алюминий композиттік панельдер шығаратын екі кәсіпорын іске қосылды. Темірлан елді мекеніндегі Huating Biotechnology зауытының жобалық құны 9 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 5 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Жобаның алғашқы кезеңіне 2,5 млрд теңге инвестиция салынып, 100 жұмыс орнын ашу көзделген. Мұнда мал сүйегінен пептон компоненттерін өндіру қолға алынып, келешекте желатин өндірісін жолға қою жоспарланып отыр. Бұл ауыл шаруашылығы шикізатын тиімді пайдалануға және қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Ал Ақбұлақ елді мекенінде ашылған алюминий композиттік панельдер зауытына 2,9 млрд теңге инвестиция бағытталған. Кәсіпорын жылына 3 млн шаршы метр құрылыс материалын өндіре алады. Мұнда 50 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Өнім ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және болашақта Орталық Азия елдері мен Ресейге экспорт көлемін ұлғайтуға бағытталған. Екі жобаның да іске қосылуы өңірде өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді.
Өнеркәсіппен қатар халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру да маңызды міндет болып қала береді. Республика күні қарсаңында Сарыағаш ауданының Ақжар елді мекенінде жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. Құны 216 млн теңге болатын нысан 8 мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсетуге арналған. Жалпы ауданы 460 шаршы метр ғимарат заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, 13 жұмыс орны ашылған. Бұл ауыл тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін арттырып, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сарыағаш ауданының Жонарық елді мекенінде де ауыл тұрғындары үшін маңызды нысан пайдалануға берілді. 565,6 млн теңгеге салынған 200 орындық мәдениет үйінде кітапхана мен шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді. Кітапхана қорында 8 800 кітап бар. Жаңа ғимаратта 13 жұмыс орнын ашу көзделген. Мәдениет ошағы ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге жағдай жасайды.
Спорт инфрақұрылымын жаңғырту бағытында Сарыағаш қаласындағы орталық стадион күрделі жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берілді. Жобаның құны 807,5 млн теңгені құрайды. Сыйымдылығы 1 000 орындық стадионда футбол алаңы жаңартылып, 400 метрлік жүгіру жолы, шағын футбол және воркаут алаңдары жабдықталған. Көрермендерге арналған орындар жаңартылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 20 арнайы орын қарастырылған. Алдағы уақытта мұнда бес жаттықтырушының жетекшілігімен 200-ге жуық оқушы спортпен шұғылданады. Жаңғыртылған нысан бұқаралық спортты дамытуға, жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға және түрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік береді.
Мерекелік бағдарлама да мазмұнды іс-шараларға толы. 23 қазанда Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде «Қыран елім – Қазақстаным» салтанатты іс-шарасы өтсе, осы күні 80 орындық Шейх Мұхаммед бин Заид Әл Нахаян атындағы перзентхана ашылды. «Жайнай бер, Түркістан!» гала-концерті ұйымдастырылды. Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде егеменді даму мен жаңғыру тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті.
24 қазанда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Turkistan Marathon – 2026» халықаралық марафонына қатысатын отандық және шетелдік спортшылардың қатысуымен ағаш отырғызу іс-шарасы болды. 25 қазанда Түркістан қаласында бұқаралық марафондық жүгіру мен Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтеді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы