Ұлттық қор балаларға: Мұнайдан түсетін табыс қысқарса, төлем азая ма

31.01.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Төлемнің артуы мен азаюы қандай факторларға байланысты

Вице-министрдің айтуынша, нысаналы талаптар жыл сайынғы есепті соңғы 18 жылда орташаланған ҚР Ұлттық қорының инвестициялық кірісінің және 18 жылда орташаланған осы сомаға жыл сайын есептелетін инвестициялық кірістің 50% есебінен қалыптастырылады.

— Балаларға есептелетін жыл сайынғы сома инвестициялық кіріске тікелей байланысты. Атап айтқанда, соңғы 18 жылдағы әр жылдың кіріс көрсеткіштері пайызбен алынып, сол көрсеткіштердің негізінде инвестициялық кірістің 50%-ы бойынша орташа мән есептеледі. Мәселен, 2024 жылы Ұлттық қордың орташа жылдық кірісі соңғы 18 жылда (2007 жылдан бастап 2024 жылды қоса алғанда) жылдық мәнде 2,97% -ды, ал инвестициялық кіріс 2024 жылдың қорытындылары бойынша жылдық мәнде 1,8 млрд долларды құрады, — дейді Д. Темірбеков.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың инвестициялық кірісі есептеліп, 2025 жылы қажетті есептеулер жүргізілген. 

Ұлттық қордан үлес беретін елдер

«Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасын іске қосу бастамасын алғаш рет Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында ұсынған болатын. Мемлекет басшысы ұлттық байлықты бөлудің жаңа қағидасын жариялап, «әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланудан нақты пайда табуға тиіс» екенін айтты. Балалар жылын жариялай отырып, Ұлттық қор кірістерінің бір бөлігін жас азаматтардың шоттарына тікелей аудару бағдарламасын іске қосуды ұсынды.

Президент «Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50% -ын олар 18 жасқа толғанша балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына аудару» жөнінде негізгі ережелерді жариялады. Басты мақсат — кәмелетке толған әрбір азаматқа өмірлік маңызды міндеттерді шешу үшін белгілі бір капитал беру арқылы жас ұрпақты қолдау. Оларға тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе жинақ есебінен білім алуға мүмкіндік беріледі.

Әлемде бес мемлекетте ғана тұрғындар табиғи ресурстардан түскен табысы үшін дивидендтер алады. Бұл АҚШ (тек Аляска штаты) және Парсы шығанағы елдері: БАӘ, Кувейт, Қатар және Сауд Арабиясы.

Бұл ретте әр елдің өз шарттары бар. Мәселен Аляскада әрбір жергілікті тұрғын жылына орта есеппен 2 мың доллар алады және бұл сома мұнай бағасына байланысты. БАӘ, Кувейт және Қатарда сома көмірсутегінің әлемдік бағасына, саяси жағдайға байланысты болады. Бұл жерде дивидендтер тек жергілікті елддің азаматтарына ғана төленетінін айта кету керек. Ал бұл халықтың ең көп дегенде 10-20% құрайды, қалғаны — мигранттар мен өзге де релоканттар. Сауд Арабиясы билігі қаражатты шотқа салмай, тек әлеуметтік қолдаумен шектеледі.

Фото: Қаржы министрлігі

— Сарапшылардың бағалауынша, бүгінде әлемде 20 миллионнан астам балалар жинақ шоттарының бағдарламаларымен қамтылған және бұл сандар жыл сайын артып келеді. Осылайша, бұл бастаманың әлемде тікелей баламасы жоқ (Алясканың халыққа мұнай қорынан дивидендтер төлеу тәжірибесі ғана жақын деп саналады, бірақ қазақстандық тәсіл жастар мен болашаққа бағытталған). Осылайша, «Ұлттық қор — балаларға» мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағытын көрсетеді, — дейді Қаржы вице-министрі.

Мұнайдан табыс қысқарса, Ұлттық қордан берілетін төлем азая ма

Министрліктің пікірінше, қаржы нарықтарындағы жағдай нарықты қайта бағалауға және Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің мөлшеріне тікелей әсер етеді. Бұған қолайлы нарықтық конъюнктура ықпал етті: дамыған елдердің мемлекеттік облигацияларын қоспағанда, былтыр активтердің барлық санаттары өсімді көрсетті, оның ішінде акциялар мен алтын нарықтарында екі мәнді өсу байқалды.

— Ұлттық қорды басқару стратегиясы ұзақмерзімді болғандықтан және активтердің бекітілген стратегиялық аллокациясын қатаң сақтауға бағытталғандықтан, Ұлттық қордың нәтижелері ұзақмерзімді перспективада бағаланады. Осылайша, Ұлттық қор құрылғаннан бастап 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңде инвестициялық кіріс 25,9 миллиард долларды, ал кірістілік — 127,75%, бұл жылдық мәнде 3,55% құрады, — деді Д. Темірбеков.

Сонымен бірге, мемлекет балаларға есептелетін қаражаттың жыл сайын ұлғаюы үшін бар күш-жігерін жұмсайды.

Бағдарламаның тиімділігі зерттелді ме

Қаржы министрлігі Ұлттық қордан балаларға қаржы бөлудің экономикалық әсері мен тиімділігі туралы сұрақтарға да жауап берді.

— «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы тек 2024 жылы ғана жұмысын бастап, аталған кезеңде 600 мыңнан адам астам кәмелетке толып, оларға 100 млн. АҚШ доллары аударылды.

Коллаж: Kazinform

2026 жылғы 1 қаңтарда бұл қаражатты 200 мыңнан астам адам 31,6 млн АҚШ долларын пайдаланды, оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға — 19,7 млн. АҚШ долларын (оның ішінде 97% -дан астамы Отбасы банкі АҚ депозитінде) және оқу ақысын төлеуге — 11,9 млн, АҚШ долларын (оның ішінде 91%-дан астамы Қазақстан Республикасының аумағында) пайдаланды.

Осылайша, бүгінгі таңда бағдарлама жастарға болашақта тұрғын үй сатып алуға қаржы салуға түрткі болып, оқуларын ішінара төлеуге мүмкіндік берді деп айтуға болады, — деді Дәурен Темірбеков.

Сондай-ақ, шетелге көшіп кеткен, бірақ Қазақстан азаматтығын сақтап қалған балалар да осы қаражатты Заң белгiлеген шеңберде ғана пайдалануға құқығы бар. Яғни Қазақстан Республикасы аумағында тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе Қазақстан мен одан тысқары жерлерде білім алу үшін ақы ретінде қолдана алады.

Айта кетейік, бала шотына түскен ақшаны электронды үкімет порталы (egov.kz) және Бірыңғай жинақтаушы қорының порталы (enpf.kz) арқылы тексеруге болады. Осы екеуінің де мобильді қосымшасынан көруге болады. Мысалы, БЖЗҚ-да ол жеке сәйкестендіру нөмірін теру арқылы көрінсе, электронды үкімет порталында әрбір ата-ананың жеке кабинетінде көрініп тұрады.

Егер балаңыздың деректері eGov-та жоқ болса, платформада «баланы қосу» деген батырма бар. Соны басып, баланың ЖСН нөмірін енгізу арқылы тіркеуге болады. Ал тіркеу кезінде ақпараттар шықпай жатса, «түзету» батырмасына өтіп, өз құжатыңызды, балаларыңыздың туу туралы куәлігін енгізесіз.

«Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасына қатысушы бала кәмелетке толған соң ақшасын пайдалану туралы шешім қабылдаса, ол уәкілетті операторға өтініш береді. Ал БЖЗҚ оның жинақтарын уәкілетті операторда ашылған баланың банктік шотына АҚШ долларымен аударады.

Уәкілетті оператор жинақтарды 18-ге толған Қазақстан азаматының тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе білім алуына сол сәтте өзекті болатын валюта бағамы бойынша теңгемен аударады.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью