Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Көктемнің шуақты мерекесі – Ұлыстың ұлы күні Наурыз қарсаңында елімізде кең көлемде өтіп жатқан «Наурызнама» онкүндігі Ұлттық ұлан қатарында да ерекше серпінмен жалғасуда, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әсіресе «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде ұйымдастырылған мазмұнды іс-шаралар рухани жаңғыру мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жарқын көрінісіне айналды.
Онкүндіктің басты мақсаты – елдегі бейбітшілік пен келісімді нығайту, қоғамды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыру, сондай-ақ ұлттық сана мен мәдени мұраны кеңінен насихаттау.
14 наурыз – Амал мерекесі аясында әскери қызметшілер Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне, Ұлттық ұлан ардагерлеріне, сондай-ақ қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан жауынгерлердің отбасыларына арнайы барып, құрмет көрсетті. Солардың бірі – 6698 әскери бөлімінің жауынгерлері тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан Ішкі әскер старшинасы Қалмахан Бақбаевтың анасы Ұрқия әжеге барып, көңілін сұрап, сый-сияпат табыстады.
15 наурыз – Қайырымдылық күні де игі істерге толы болды. Әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетіліп, азық-түлік себеттері таратылды. Сонымен қатар, 5513 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Ардагерлер кеңесімен бірлесіп, Ардагерлер үйінде тұратын отставкадағы прапорщик Алексей Антониадиге барып, құрмет білдірді.
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні «Бірге кітап оқиық!» атты тағылымды шарамен ерекшеленді. 5547 және 5513 әскери бөлімдері облыстық және қалалық кітапханалармен бірлесіп, сарбаздар арасында кітап оқуды насихаттады. Кітаптар сыйға тартылып, үздік оқырмандар марапатталды. Ал 5574 әскери бөлімінде өткен іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, әскери ортаға рухани серпіліс сыйлады.
17 наурыз – Шаңырақ күні отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналды. Көпбалалы әскери отбасыларға құрмет көрсетіліп, олардың өнегелі өмірі үлгі ретінде насихатталды. Соның бір айғағы – 5574 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, көпбалалы ана ефрейтор Ақнұр Ерімбетова. Ол қызмет пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүрген жан ретінде көпшілікке таныстырылды.
18 наурыз – Ұлттық киім күні ерекше сән-салтанатымен есте қалды. Бұл күні әскери қызметшілер күнделікті қатаң әскери форманы ұлттық нақыштағы элементтермен алмастырып, түрлі челлендждер ұйымдастырды. Ұлттық киімдегі жауынгерлердің келбеті әскери ортаға ерекше жылулық пен әсемдік сыйлады.
Алдағы күндері де онкүндік аясындағы шаралар жалғасын табады. «Жаңару күні» цифрлық трансформация тақырыбына арналып, әскери бөлімдерде Ашық есік күндері өткізіледі. Ұлттық спорт күніне орай тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту сынды дәстүрлі ойындардан жарыстар ұйымдастырылмақ. Наурыз мерекесіне ұласатын бұл онкүндік «Тазару күнімен» қорытындыланып, сенбіліктер өткізіліп, оңтүстік өңірде ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіледі.
Жалпы, Наурызнама аясындағы іс-шаралар дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімін айшықтап, ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтардың өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл бастамалар әскери қызметшілердің бойында отансүйгіштік рухты нығайтып қана қоймай, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді одан әрі бекемдей түсуде.