Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының жеңіл атлетикадан біріншілігі аяқталды

21.09.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Астана қаласының Орталық саябағында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының жеңіл атлетикадан жеке-командалық біріншілігі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Спорттық додаға Ұлттық ұланның бас басқармалары, басқармалары, бөлімдері мен қызметтерінен 15 құрама команда қатысып, әскери қызметшілер жеңіл атлетиканың жекелеген бағыттары бойынша өзара бақ сынады.

Жарыс қорытындысы бойынша 35 жасқа дейінгі жас санатында Байланыс басқармасының әскери қызметшісі лейтенант Раманзан Махмуд, 40 жасқа дейінгі санатта Арнайы операциялар орталығының әскери қызметшісі майор Асхат Қалықов, ал 40 жастан жоғары санатта аталған орталықтың әскери қызметшісі подполковник Ержан Айтуғанов жекелей сында 1-орын иеленді.

Командалық есепте жүлделі орындар төмендегідей бөлінді: үшінші орынға Тыл басқармасының командасы, екінші орынға Жауынгерлік даярлық бас басқармасының командасы ие болса, бірінші орынды Арнайы операциялар орталығының командасы жеңіп алды.

Жарыстың қорытындысы бойынша жүлдегер командалар грамоталармен марапатталды. Ал жеңімпаз Арнайы операциялар орталығының командасына грамота мен ауыспалы кубок табысталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімін Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бекайдар Қазкеев өткізді.

Аталған біріншілік әскери қызметшілердің дене дайындығын жетілдіруге, салауатты өмір салтын насихаттауға және Ұлттық ұлан бөлімшелері арасында спорттық бәсекелестікті арттыруға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью