Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Наурыз мерекесіне орай Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде сарбаздарға арнап 10 тоннаға жуық наурызкөже әзірленді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ұлттық тағам мерекелік іс-шаралар аясында ұсынылып, жеке құрамның жауынгерлік рухын көтеруге ықпал етті.
Наурызкөже әскери ас мәзіріндегі құнарлы тағамдардың бірі саналады. Оның құрамындағы ет ақуызға, жарма көмірсуға, ал сүт өнімдері дәрумендер мен кальцийге бай. Сондықтан ол сарбаздардың күш-қуатын толықтырып, ағзаға жеңіл сіңеді.
Астана қаласындағы 5573 әскери бөлімінің Азық-түлік қызметінің бастығы Дархан Жүнісов көктем мезгілінде ұсынылатын дәстүрлі тағамның ағзаға пайдасы мол екенін атап өтті.
Береке мен бірліктің символы саналатын наурызкөже дәстүр бойынша жеті түрлі дәмнен дайындалады. Сондықтан бұл сарбаздар үшін мерекелік ас қана емес, ұлттық дәстүрдің айқын көрінісіне айналды.
6636 әскери бөлімінің сарбазы Тимур Фатихов биылғы алғашқы наурызкөженің ерекше әсер қалдырғанын айтып, дәмді тағам мен мерекелік көңіл күй үшін басшылыққа алғыс білдірді.
Ұлттық ұланда сарбаздарға мереке күндері ғана емес, әр аптаның жұма күндері де ет, сірне, нарын, кеспе секілді дәстүрлі тағамдар ұсынылады.
Айта кетейік, бүгінде 7 мыңнан астам ұландық еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті күзетеді. Сондай-ақ сарбаздар мемлекеттік маңызы бар нысандар мен ҚАЖ мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүр.