Ұлттық ұланды таңдаудың 8 себебі: мерзімді әскери қызмет сарбазға не береді?

09.09.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Жаз мезгілін күз алмастырып, жапырақтар алтын түске боялып, оқушылар мектепке, студенттер университетке асыққан да кәмелеттік жасқа толып, колледжді тәмамдап, жұмысқа орналасуға зауқы соқпай, ата-анасының өбектегеніне көнбей, қашан өсіп, өз қалауыма сай ер-азамат боламын деген Сіздің отбасыңыздағы балаңыз, немереңіз, ініңіз не сол жанның өзі – сіз болсаңыз, біз сізге «Ұлттық ұлан» өміріңіздегі неліктен ең керемет таңдау болатынын осы мақаламызда түсіндіреміз, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ендеше, Ұлттық ұланды таңдаудың 8 себебі қандай, бірге талдайық.

Білім грантын иелену құқығы

Сөз басында айтып өткендей, егер Сіз колледждегі орта біліммен шектеліп, алайда мақсатыңыз университет қабырғасында оқып, жоғары білім иесі атану болса, онда мұндай мүмкіндікті әскерде жүріп-ақ пайдалана аласыз. Бұл қазақтың «бір оқпен екі қоянды атып алумен»  бірдей. Неге десеңіз, небәрі бір жыл ішінде Отан алдындағы борышты өтеп қана қоймай, оған қоса жоғары оқу орнында тегін білім алу құқығына ие боласыз. Бұл мүмкіндікті Сізге «Сарбаз 2.0» бағдарламасы сыйлайды. Ал енді бағдарламаның тарихына үңілсек. 1-2022 көктемгі шақырылымынан бастап 4 500-ден астам ұландыққа жоғары оқу орнында тегін білім алуға сертификат берілді. Биыл сол мүмкіндікке 661 әскери қызметші ие болған. Бұл көрсеткіш бойынша құқықтық тәртіп әскері еліміздің басқа күштік құрылымдарынан басып озды.

Жобаға еліміздің барлық ЖОО-лары қатысады. Қазіргі уақытта Қазақстанның 70-тен астам жоғары оқу орны конкурс жеңімпаздарын оқуға қабылдау жөнінде меморандумдарға қол қойған. Тегін білім алумен қатар, қатысушыларға шәкіртақы және жатақханадан орын беріледі. Бірақ бұл гранттарды екінің бірі алады деген сөз емес. Биыл құқықтық тәртіп әскері қатарында байқауға қатысуға өтінім берген сарбаздардың қарасы көп. Егер Сіз мерзімді қызмет барысында жауынгерлік даярлықта, тәртіпте және қызметтік міндеттерді орындауда үздік нәтиже көрсеткен ең үздік сарбаздардың қатарында болсаңыз, тегін білім алу сертификаты сіздікі. Ал егер Сіз бас қаламыздың әскери бөлімдерінің бірінде қызмет атқарсаңыз, онда бұл сертификатты Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Аңсаған Балтабековтің өзі табыстауы мүмкін. Сондықтан мүмкіндікті жіберіп алмаған жөн.

Тамақтану сапасын бағалау жүйесі

Сіз әскери бөлім асханаларындағы тамақтану сапасын электронды жүйе арқылы бағалай аласыз. Ал бағалау нәтижелері нақты уақыт режимінде азық-түлік жеткізушілеріне және әскери бөлім басшылығына жолданады. Пилоттық жоба осы жылдың наурыз айында Ұлттық ұланда сарбаздарды сапалы тамақтандыру жүйесін жетілдіру мәселесіне арналған дөңгелек үстелде талқыланып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында қолға алынды. Бұл жобаның сарбаздарға берері не? Әуелі адами факторлардан болатын қауіп-қатерлердің алдын алу. Себебі тамақтану сапасының жоғары болуы жеке құрамның мықты жауынгерлік дайындығының кепілі. Әлжуаз, әлсіреген сарбаз қызметтік-жауынгерлік міндеттерді қалай орындамақ?! Әскери тарихқа зер салсақ, тамақтан улану және сапасыз аспен қамтамасыз ету шайқастардағы шығыннан кем түспейтін, тіпті тұтас әскердің жеңілісіне әкелген ірі трагедияларға себеп болған. Сарбаздардың жаппай улануы көбінесе антисанитариядан, азық-түліктің бұзылуынан немесе қарсыластың диверсиясынан болды. Осы тұрғыда Екінші дүниежүзілік соғыстағы ботулизм қаупі еске түседі. Майдан даласында консервіленген тағамдар екі тарапта да басты азық болды. Технологияның бұзылуы салдарынан герметикалық банкаларда ең қауіпті у – ботулотоксин бактериялары дамыды. Салдарынан неміс вермахтында да, одақтас әскерлерде де нашар дайындалған ет және балық консервілерін жеп, ботулизмнен уланған жүздеген сарбаз дем ала алмай, сал болып қайтыс болды. Бұл әскери медицинаның консервілерді тексеру бақылауын күшейтуіне мәжбүр етті.

Бұндай жағдай қазіргі заман әскери тарихында да орын алды. Түркияның Маниса қаласындағы әскери бөлімінде әскерді тамақпен қамтамасыз ететін жеке мердігер компанияның тауық етінен жасалған асында сальмонелла бактериясы таралған. Салдарынан бір мезетте мыңнан астам сарбаз ауыр улану белгілерімен госпитальға түсіп, бір сарбаз бақилық болды. Оқиғадан кейін Түркия қорғаныс министрлігі мердігермен келісімшартты үзіп, әскери асханаларға жауапты бірнеше адамды тұтқындады. Әскери тарихтағы бұл оқиғалардан түйетініміз, асхана жұмысының ашықтығын көрсету –  стратегиялық маңызы зор қадам. Сол дөңгелек үстелде сөз сөйлеген Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков те әскери қызметшілердің сапалы тағаммен қамтамасыз ету Ұлттық ұлан қызметінің маңызды бағыттарының бірі екенін айтқан еді. Аппараттық-бағдарламалық кешен қазіргі уақытта пилоттық режимде Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде, сондай-ақ Көкшетау тұрғындарының тыныштығын күзететін 5510 әскери бөлімінде  іске қосылды.

Заманауи әрі жайлы жағдайда қызмет ету

Сарбазға ең бастысы жайлы жағдай жасалуы тиіс.  Себебі бұл – оның жауынгерлік рухын, денсаулығын және қызмет тиімділігін арттырудың негізі. Әскери қызметшілердің әскерге тез бейімделуі тек психологиялық факторларды емес, материалдық дүниелерді де қамтиды. Сізге алаңдайтын еш нәрсе жоқ, Ұлттық ұланда жаңадан ашылған жылы әрі таза казармалар көп. Бұл тізімге Талдықорған, Алматы, Түркістан, Жезқазған және Талдықорғанда салынып жатқан әскери нысандарды қосыңыз.  Ұйықтау, демалу бөлмелері санитарлық талаптарға сай, күнделікті гигиенаны сақтауға арналған сапалы душ пен монша кешендері бар, жылдың төрт маусымына төзімді, қозғалысқа ыңғайлы әскери форма мен аяқкиім – бәрі-бәрі қарастырылған. Тек өзіңіз секілді азаматтарға қойылатын талап біреу – Ұлттық ұлан сапында абыройлы қызмет ету.

Автокөлік пен броньды техниканы басқару

Әскери қызметшілер заманауи техника және көлікпен қамтамасыз етіледі. Ұлттық ұланның автопаркі жаңа Toyota Hilux, Hyundai Staria және Hyundai Tucson көліктерімен, сондай-ақ «Барыс» пен «Алан» броньды автомобильдерімен толықтырылуда. Жеке құрамды тасымалдау, жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету, су тасымалдау және көлік-шаруашылық, жауынгерлік міндеттерді орындау үшін Алматыға 53, Тараз қаласындағы 5513 әскери бөліміне 21, ал Түркістан қаласында орналасқан 5574 әскери бөліміне 5 техника алынды. Бұл материалдық-техникалық базаны нығайтуға, бөлімшелердің мобильдігін арттыруға және қоғамдық қауіпсіздікті тиімді қамтамасыз етуге бағытталған қадам.

Дрон басқаруды үйрен

Уақытпен бірге тыныстаудың басты бағыттарына технология мен цифрландыруды жатқызсақ, бұл жерде де Ұлттық ұланның ұтымды тұстары көп. Дәлірек айтсақ, Сіздің жауынгерлік даярлық бағдарламаңызға ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруды үйрету енгізілген. Мерзімді әскери қызметшілер заманауи әскери-қолданбалы дағдыларды меңгеріп, сұранысқа ие мамандықты игереді. Дрон басқаруды үйрену қазіргі заманғы ұрыс тактикасында сарбаздарға үлкен стратегиялық және тактикалық басымдық береді. Бүгінде дрондар ұрыс даласының тағдырын шешетін басты қарудың біріне айналды. Сарбаздарға бұл дағдының беретін негізгі пайдасы не? Біріншіден, жоғары деңгейлі барлау және бақылау арқылы көз жетпейтін жерді көру. Сарбаздар нақты уақыт режимінде қарсыластың орналасқан жерін, техникасын және қозғалысын қауіпсіз қашықтықтан бақылайды. Тек күндіз емес, түнде де барлау жұмыстарын жүргізе алады.

Термокамералары бар дрондар түнде немесе тұманда қарсыластың жасырын шептерін анықтауға көмектеседі. Екіншіден, соққы жасау және жою қабілеті. Сарбаз FPV дрондар арқылы қарсыластың қымбат техникасын (танк, БТР) және бекіністерін дәл нысанаға алып, зақымдай алады. Үшіншіден, жеке құрамның қауіпсіздігі. Дрон ұшыру арқылы адам өмірін барынша сақтап қалады, одан бөлек операторлар миналанған аймақтарды немесе тұзақтарды  қашықтықтан анықтай алатын қауқары бар. Әрине, бұл әскери-қолданбалы өнерді үйренудің Отан қорғаушы азаматқа маңызы зор. Қатардан қалмай, заманға сай болып, үнемі дамып, өзгерістерге тез бейімделу керек-ақ.

Әскери мансап жолы

Әскери қызметші боламын деген арманы асқақ, мақсаты айқын азаматтарға да жағдай қарастырылған. Бір жыл мерзімді қызметті өткермей-ақ Сіз алты айдан соң әскери мамандықтар бойынша курстардан өтіп, келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастыра аласыз. Енді, бұл мүмкіндікті кезең-кезеңімен түсіндіріп өтсек. Сіз әскерге жаңа келген бозбаласыз. Мектепте өткен Алғашқы әскери дайындық сабағын ұмытуға айналдыңыз. Еш уайымдамаңыз, Ұлттық ұлан Сізді бірден жанып жатқан отқа тастамайды. Алдымен бір ай бойы жас жауынгерлер курсынан өтесіз. Ол жерде жалпы әскер туралы түсінік қалыптасады. Саптық дайындық, қару қолдану техникасы, әскери шендер, тәртіп, атқаратын жауынгерлік міндеттер туралы жіті түсіндіріліп, оқу пунктінің офицерлері жеке үлгісімен барлығын көрсетеді. Көп ұзамай Әскери ант қабылдап, құқықтық тәртіп әскеріндегі қызметке кірісіп кетесіз. Қызмет бабы ұнап, әскерде өткен алты айдан кейін әскери қызметші атануға ниет білдірсеңіз, әскери бөлім қолбасшылығы Сізді Алатау қаласындағы 6654 әскери бөліміне оқуға жібереді. Бұл жерде әскери мамандықтардың түр-түрін меңгеріп шыға аласыз. Оқуды аяқтаған соң, Қазақстанның өзіңіз қалаған қаласына мерзімді әскери қызметші мәртебесінде емес, толыққанды кәсіби әскери қызметші ретінде аттанасыз. Осылайша, Сіз қоғамдық тәртіпті күзетіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, маңызды мемлекеттік нысандарды қорғау міндеттерін абыроймен атқарып жүрген көп ұландықтың бірі атанасыз.

Ұлттық ұлан академиясына оқуға түсу мүмкіндігі

Мерзімді әскери қызмет өткергеннен кейін әскери қызметшілер Ұлттық ұлан академиясына түсіп, оқуын жалғастыра алады. Бұл – құқықтық тәртіп әскерлерінің офицері атануға мүмкіндік беретін жол. Академия – еліміздегі жетекші әскери жоғары оқу орындарының бірі. Осы уақытқа дейін оқу орны 4 мыңнан астам офицер даярлап шығарды. Бүгінде олар Ұлттық ұлан мен Қазақстанның өзге де күштік құрылымдары қатарында абыройлы қызмет атқарып, азаматтардың қауіпсіздігі мен мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлес қосып келеді. Академия жоғары білім беру бағдарламасын оқытуды төрт жыл мерзімінде жүзеге асырады. Оқу мерзімі бойы курсанттар үш мезгілді тегін тамақтанумен, ақшалай үлес, киім-кешек жабдығымен, қажетті оқу әдебиеттерімен қамтамасыз етіледі. Жыл сайын емтихан мен сынақтарды сәтті тапсырған курсанттар мен тыңдаушыларға (жазда 30 тәулікке және қыста 14 тәулікке) каникулдық демалыс беріледі. Жазғы кезекті демалысқа барып келу жолақысы тегін.

Сіз курсанттар тізіміне еніп, әскери оқу орнын сәтті аяқтаған соң 10 жылға келісімшарт жасайсыз. Академия түлектеріне «лейтенант» әскери атағы, ал үздіктер қатарынан көрінсеңіз «аға лейтенант» әскери атағы және ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз қолынан шен алу мәртебесі  беріледі. Білім ордасында Сіз Ұлттық ұланға тактикалық басшылық, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстарға тактикалық басшылық, әскерді инженерлік-техникалық қамтамасыз етуге тактикалық басшылық, әскерді ракета-артиллериялық қамтамасыз етуге тактикалық басшылық, автомобильдік қамтамасыз етуге тактикалық басшылық, тылдық қамтамасыз етуге тактикалық басшылық, байланыс әскеріне тактикалық басшылық, әскери психология секілді әскери мамандықтарды меңгере аласыз.

Талант бар, таныс бар!

Әскер – сүйікті іс пен жеке дамуды кейінге қалдыруға себеп емес. Ұлттық ұланда барлық әскери қызметшілерге қолдау көрсетіліп, спортпен, музыкамен, шығармашылықпен және білім алумен айналысуға, өз қабілеттерін дамытуға қажетті жағдай жасалады. Егер Сіздің бойыңызда дамытуға лайық қабілет болса, оны әскери бөлімде жасырудың керегі жоқ. Мүмкін Сіз Ұлттық ұландағы басқа қарулас достарыңыз секілді (атап айтсақ, 5513 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Бахтияр Тұрсынходжаев жеті тілде, 5451 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Аббас Шамшиден төрт тілде, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, елдеріне оралған 5571 әскери бөлімінің қатардағы жауынгерлері Ержан Жарков пен Руслан Тілеуқабыл бес тілде, қатардағы жауынгер Владимир Копылов бес түркі тілдерінде еркін сөйлейді) төрт  немесе одан да көп тіл білетін болсаңыз, бір сәтте жұлдыз болып, телеарналардың бірінде сұхбат беріп отыруыңыз шүбәсіз.

Немесе Сіздің табиғи, қоңыр даусыңыз бар, әскерге дейін өлең оқып, түрлі іс-шараларда жүргізуші болдыңыз. Олай болса азаматтық борышын 5573 ә/б өтеген қатардағы Батырхан Сағидолла мен 6679 ә/б қарауыл қызметін атқарған Әлихан Медетұлы секілді түрлі студияларда талантыңызды шыңдауға мүмкіндігіңіз бар. Бұдан қандай ой түйеміз? Бойдағы өнерді дамыту, талапты, іштегі отыңды өшіріп алмау – Сіздің әскерде жүрсеңіз де басты міндетіңіз болуы шарт. Ал «талант бар, таныс жоқ» деген нарративтің жібін Ұлттық ұлан үзетініне еш күмән болмауы тиіс. Сөз басында айтылған сарбаздар құқықтық тәртіп әскерінде мерзімді қызмет өткеру барысында танылған таланттардың бірсыпырасы. Одан бөлек, бұл қатарға әскерде жүріп шырағын сөндірмей, қайта танымалдылыққа ие болған  белгілі бір спорт түрінен әлем, ел чемпионы атанған спортшы сарбаздарды, әскери оркестр құрамында өнер көрсету үшін әскерге арнайы келген 5513 ә/б әскери қызметшісі Нұрдәулет Жалиев секілді музыкант сарбаздарымызды, цирк әлемінің саңлақтарын, жыр толғаған ақындарды, сән әлемінің серкесі атану ниеті бар модель ұландықты қосыңыз. Бұл азаматтардың барлығы кезінде әскерге келіп «бір жылымды босқа өткіземін, сүйікті ісіммен айналыса алмайтын болдым, тіл үйрену дағдысы жойылатын болды, дауысым құртылатын болды» деген  түрлі шындыққа жанаспайтын ойлар, ал бойларын үрей билеген шығар. Бірақ біздің ойымызша, олар Ұлттық ұланды таңдаудан қателескен жоқ, қайта ұтымды таңдау жасады. Ендеше, Сіз де дұрыс таңдау жасауға ұмтылыңыз. Ал Ұлттық ұлан үшін сарбаздарға қолайлы орта жасау – әскери қызметті ұйымдастырудың басым бағыттарының бірі болып қала бермек. 

аға лейтенант Нұрдәулет Мергенбек,

Астана қаласы

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью