Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының мәліметінше, 11-12 шілде күндері ұйымдастырылған халықаралық турнирге 23 мемлекеттен 236 спортшы қатысты. Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне енген жарыста Қазақстан құрамасының намысын 14 дзюдошы қорғады.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Ақтөбе қаласында орналасқан 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Мәди Жеткерген 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде барлық белдесуін сәтті өткізіп, қарсыластарының бәрінен басым түсіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Ол әскери міндетін абыроймен атқара отырып, халықаралық спорт додаларында да жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
«Қазақстанның көк Туын халықаралық аренада көтеру – мен үшін үлкен мәртебе. Әрбір белдесуге бар күш-жігерімді салып шықтым. Бұл жеңіс – ұзақ жылғы еңбектің, жаттықтырушыларымның, командирлерімнің, қарулас достарымның және отбасымның қолдауының жемісі. Маған сенім артқан барша жанға алғысымды білдіремін. Бұл жеңіс алдағы жарыстарда бұдан да биік нәтижелерге жетуге жігер береді», деді Мәди Жеткерген.
Айта кетейік, дзюдодан Ашық Азия кубогі әлемдік рейтингтік ұпайлар берілетін халықаралық турнирлердің бірі саналады. Мұндай жарыстар спортшылардың құрлықтық және әлемдік деңгейдегі ірі додаларға дайындық деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Тараз қаласындағы Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы Бахтиярхан Тұрсынходжаев 7 тілді жетік меңгергені туралы жазған едік.