Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Қазақ күй өнерінің шамшырағы, ұлы композитор, халық күйшісі Дина Нұрпейісованың (1861-1955) туғанына биыл – 165 жыл. Осы орайда Астанада Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда «Күй анасы – Дина» атты рухани кеш өтті. Филармонияның камералық залына күй сүйер қауым лық толды. Халықтың тағдырын домбыраның қос ішегіне сыйдырған күй анасына деген өзгеше құрметті біз осыдан-ақ аңғардық, деп жазады Egemen.kz.
Күй шалқыған қоңыр кеш
Рухани кешке қариялар мен орта буын және жастар жиналды. Тыңдармандарға ризашылығын жеткізген аңыз адамның шөбересі Төлеген Қуанышов бұл күннің ерекшелігіне тоқталып, өнерпаздарға алғысын білдірді.
«Әулетіміз үшін бүгін өзгеше күн. Халық әртісі, «Күй анасы» атанған Дина шешеміз осыдан 71 жыл бұрын, 1955 жылы 31 қаңтарда дүниеден озған. Осы кештің басталар алдында күйші Дина көшесінде орналасқан анамыздың ескерткішіне ұрпақтары атынан гүл шоқтарын қойдық. Елорда әкімдігі жанындағы Е.Рахмадиев атындағы филармонияның ұлт-аспаптар оркестрі осы еске алу кешін ұйымдастырып отыр, анамыздың шығармашылығын алдағы уақытта да насихаттауына тілекшіміз. Филармонияның басшылығына және қызметкерлеріне әулетіміздің атынан шынайы алғысымды білдіремін. Осындай кештер басқа өңірлерде өтіп жатса және республикалық ауқымда өткізілсе өте орынды болар еді», деді Төлеген Шаңғытбайұлы.
Күй кеші аталған филармонияның ұлт аспаптар оркестрінің орындауында Дина Нұрпейісованың «Тойбастар» шығармасымен басталды. Кеш барысында оркестр Д.Нұрпейісованың «Кербез», «16-шы жыл», «8 Март», «Жеңіс», «Қазақстанға 30 жыл», «Науысқы», «Әсемқоңыр» күйлерін және Түркештің «Байжұма», Құрманғазының «Қайран шешем», «Сарыарқа» күйлерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Оркестрдің сүйемелдеуімен орындалған аталған шығармаларға Қазақстанның Халық әртісі, профессор Айтқали Жайымов пен Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов дирижерлік етті.
Оспан батыр, Дина Нұрпейісова, Шара Жиенқұлова: Тың деректер архив қорына енді
Ұлы композитордың күйлері жекелей де орындалды. Атап айтқанда, Мұхит Салыбеков «Шынар», мәдениет саласының үздігі Әмина Бошымова «Домалатпай», республикалық байқаулардың лауреаты Сағи Баймұхат «Ана бұйрығы», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова «Байжұма», республикалық байқаулардың лауреаты Дарын Құдайберген «Жігер», Айтолқын Тоқтаған «Жаңа бозшолақ» күйлерін нақышына келтіре орындап, күй сүйер қауымды ұлы өнермен сусындатты. Осы тұста айта кетейік, Phd докторы Айтолқын Тоқтағанның жуырда Дина Нұрпейісова туралы монографиясы жарық көрді. Бұл – ұлы күйші жайында тұңғыш Phd еңбек.
Сонымен қоса, республикалық байқаулардың лауреаты Айым Бекбаева айтулы кеште Дина Нұрпейісоваға арнап жазылған Айтқали Жайымовтың «Күй ана» шығармасын орындаса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Тұрар Әліпбаев Д.Нұрпейісованың «Бұлбұл» және «Қара қасқа ат» күйлерін тыңдарман қауыммен тағы бір мәрте қауыштырды.
Қазақ қыздарының арасынан тарихта қалған алғашқы күйші
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Тұрар Әліпбаевтан пікірін білген едік.
«Биыл дүлдүл күйшіге – 165 жыл, бүгінгі кешпен мерейтойдың басы басталып та жатыр. Дина Нұрпейісова Құрманғазы Сағырбайұлының қолынан күй үйренген бірегей шәкірті. Алматыда Абай атындағы опера театры сахнасында Құрмаңғазының күйлерін алғашқы насихаттаушы. XIX ғасырда өмір сүрген халық композиторларының күйлерін бірден-бір жеткізуші.
Ал, Дина Нұрпейісованың күйлерін жеткізушілердің бірі ұстазымыз Қаршыға Ахмедияров. Үнтаспаға жазылған Д.Нұрпейісованың күйлерін Қ.Ахмедияровқа әкеп берген Сағым Жалмышев деген домбырашы. Ал, бірқатар шығармасын күйші Уақап Қабиғожин жеткізген. Сағым Жалмышевтің қасында 10 жыл жүрдім. Күй ананың шығармаларын сол кісіден үйрендік, көптеген мағлұматтар да алдық», деді ол.
Айтуынша ол күйді дәл Дина Нұрпейісовадай тартқан адамды әлі кездестірмеген.
«Көптеген шығармаларды үнтаспаға жазған ол кісінің дыбыс салу мәнері, орындауындағы техникалық шеберлігі қайталанбайды. Стилін бірден білеміз, өйткені Дина Нұрпейісова өз алдына бір мектеп. Дина анамыз қазақ қыздарының арасынан тарихта есімі алтын әріппен жазылған алғашқы күйші», дейді Т.Әліпбаев.
Күйді жақынырақ отырып тыңдаудың жөні бір басқа
Кеш соңында сөз алған Қазақстанның Халық әртісі, профессор Айтқали Жайымовтың айтуынша, күйді 3 000 көрермен сыятын залда тыңдау бір бөлек, жақынырақ отырып тыңдаудың әсері тіпті басқа. Ал, филармонияның камералық залында сахна мен көрермендер аралығы өте жақын.
«Күйді киіз үйде тыңдаған халықпыз ғой. Сондықтан күйді осылай жақынырақ отырып тыңдау өте жақсы. Жалпы, сахна деген Еуропадан келген ғой. Ал біздің дәстүрімізде күйді шай ішіп әңгімелесіп отырып тыңдаған. Дина анамыздың өзі де кілемге отырып, жанына жастық қойып тартқан ғой, домбыра орындықта отырып тартылатын аспаптар қатарынан емес, құрылымы басқаша болғандықтан малдас құрып отырып тартылған. Күй тартқанда домбырашының қолы бос болу керек, ал орындықта отырғанда орындаушыға оңай емес. Келешекте баяғы қазақы дәстүріміздегідей кеш өткізсек деген ойымыз бар», деді Айтқали Жайымов.
«Домалатпай» күйі Мэхсэти Гәнжәуидің өлеңімен үндес
К.Байсейітова атындағы Өнер университетінің домбыра кафедрасының профессоры Айтжан Тоқтағаннан пікірін сұраған едік. Оның айтуынша, Дина Нұрпейісованың бір ерекшелігі – импровизаторлығы.
«Куә болған үлкен кісілердің сөзінше, Дина шешеміз бір күйді екінші күні тартқанда сол күйдің 2-ші нұсқасын тартып, ал үшінші күні 3-ші нұсқасын тартады екен. Бұл дегеніміз – төгіліп жатқан ішкі байлықтың молдығы ғой. Иса Байзақов жырда қандай болса, Дина Нұрпейісова күйде сондай болған», деді А.Тоқтаған.
Профессордың пікірінше, Дина Нұрпейісованың өз жанынан шығарған күйлерін домбырашылар жақсы орындап жүр, алайда, мазмұны байи түссе, нұр үстіне нұр.
«Бір мысал айтайын, Өнертану ғылымының докторы Әсия Мұханбетова «Домалатпай» күйі туралы былай дегені бар: «Әзербайжаннның XVIII ғасырда өмір сүрген ақын қызы Мэхсэти Гәнжәуидің мынадай өлеңі бар:
Наколесе времен,
Не год, не два.
Кружиться,
Полу жива, полу мертва.
Кружится все,
И этот мир кружиться,
И у меня кружиться...
Голова.
Осы өлеңнің музыкалық баламасы Дина Нұрпейісованың күйі «Домалатпай».
Әсия Мұханбетова өте дұрыс айтып отыр. «Домалатпай» күйі дөңгеленген дүниені, яғни, «бәрі қозғалыста» деген көшпелі дүниетанымды бейнелеген. Дина анамыздың музыкалық мұрасы өте бай, алдағы уақыттарда Д.Нұрпейісова күйлерінің табиғаты (характеристикасы) неғұрлым ашылып, мазмұны байи түссе деп ойлаймын. Динананың үлкен мерекесі әлі алда, қазақ халқы мен домбыра бар кезде Дина бар», деді профессор Айтжан Тоқтаған.
Халқымыздың тарихын, болмысын, рухын бейнелеген аңыз тұлға Дина Нұрпейісованың күйлері терең ой мен нәзік сезімге толы. Ұлы домбырашының әрбір күйі – ұлт руханиятының мәңгілік мұрасы, алтын қазынасы.
Соңғы жаңалықтар
Ауа райының қолайсыздығы: Қай өңірлерде жолдар жабылды?
Ауа райы • Бүгін, 09:30
Синоптиктер Қазақстанның тоғыз қаласында ауа ластанатынын ескертті
Ауа райы • Бүгін, 09:15
Ұрланған техниканы сатып алудың салдары қандай?
Қоғам • Бүгін, 09:07
Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен барады
Президент • Бүгін, 09:00
Павлодарда алғаш рет көздің қасаң қабығы трансплантацияланды
Медицина • Кеше
Баянауыл ұлттық паркіне жаңа өрт сөндіру техникалары берілді
Аймақтар • Кеше
Silk Way Star жобасының финалы Қытай телеарнасында көрсетілді
Өнер • Кеше
Атырауда сот шешімімен мінезі шәлкес 20 адамға ерекше талап белгіленді
Аймақтар • Кеше
Өскеменде оқушылар қашықтан оқитын болды
Аймақтар • Кеше
Елімізде ұшқышсыз ұшу аппараттарының мамандары даярланады
Технология • Кеше
Елена Рыбакина Абу-Дабидегі турнирден бас тартты
Теннис • Кеше
Шавкат Рахмонов операция жасатты: Спортшы UFC-ге қашан оралады?
Қоғам • Кеше
Оңтүстік Кореяда зауыт өртенді: Зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматы бар
Оқиға • Кеше
Елордада арзан бағада азық-түлікті қайдан алуға болады?
Елорда • Кеше
ММА: Артем Резников Юсуп Зубариевпен күш сынасады
Бокс • Кеше