24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
АҚШ-пен бірде араз, бірде тату Ұлыбритания Азияға бет бұрды. Премьер-министр Кир Стармер Бейжіңге барып, корольдіктің мүддесіне біраз келісім жасады.
Тұманды Альбион мен Қытай 30 күнге визасыз режим енгізеді. Бұл уағдаластық екеуіне де олжа. Өйткені Бейжің – әлемнің екінші ірі экономикасы, Лондон төрткүл дүниенің ең ірі қаржы орталығы. Енді бұдан былай қос ел арасындағы туристік байланыспен қатар, кәсіпкерлік ынтымақтастық та нығаяды. Сондай-ақ шығыстағы көршіміз шотланд вискиіне салынған салықты 10-нан бес пайызға дейін азайтуға уәде етті. Есесіне британиялық «Астра-Ценека» компаниясы Қытайдың фармацевтика саласына 15 млрд доллар қаржы құяды. Бұл корольдік үшін Бейжіңнің ғылыми әлеуетіне қол жеткізуге жол ашады. Айта кетейік, екі ел арасы сегіз жыл бұрын тыңшылыққа қатысты дау-дамайдан кейін суып кеткен еді. Кир Стармер – содан бері Қытайға ат басын бұрған алғашқы британ үкімет басшысы.
Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:
- Біз бір-бірімізбен неғұрлым көп аралассақ, жиі кездессек - қысқасы, байланыс неғұрлым көп болса, соғұрлым өзара сенім мен құрмет қалыптасады. Ал бұл екі ел арасындағы қарым-қатынастың негізгі іргетасы болады. Біз онсыз да сегіз жыл уақытты босқа жоғалттық.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин Кир Стармермен басқосудан кейін әлемдегі геосаяси ахуалға қатысты пікірін білдірді. Оның айтуына қарағанда, халықаралық құқыққа бәрі бағынуға тиіс. Сол кезде ғана оның нәтижесін көруге болады. Ал мұның сақталуын ірі державалар қадағалауы керек. «Әйтпесе әлемді тек күш қана билейді», - деп мәлімдеді. Сөйтіп Канада премьер-министрі Марк Карнидің ізін ала Ұлыбритания Қытаймен қарым-қатынасын нығайта түсті. Алайда бұл АҚШ президенті Трампқа жақпай қалды. Ақ үй басшысы өзінің негізгі одақтасы - Лондонға өкпелеп, ескі әдеті бойынша баж салығын көтеруі мүмкін. «Сондықтан Кир Стармер Қытайға сапары барысында таразының басын мейлінше тең ұстауға тырысып бақты», - дейді сарапшылар.
Браун, Лондондағы Кингс колледжінің Қытайды зерттеу орталығының профессоры:
- Еуропа елдері қазір геосаяси тығырыққа тірелді. АҚШ-ты сенімді одақтас деп айту қиын. Ақ үйде қабылданып жатқан түсініксіз шешімдер Президент Трамптың ықпалын төмендетіп, Еуропа елдерінің Қытайға бет бұра бастағанын көрсетіп отыр.