Ұлытау облысы: спорт инфрақұрылымы жаңарып жатыр

10.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Спорт саласындағы маңыз­ды бағыттың бірі – спорттық инфрақұрылымды дамыту мен халықтың спортпен шұғыл­дануына қолжетімділікті арттыру.

Бүгінде Ұлытау облысында 236 спорт нысаны бар. Оның ішінде 227-сі мемлекеттік меншікте, 9-ы – жеке меншік нысандар.

Биыл халықты спорт­тық инфрақұрылыммен қамтама­сыз ету көрсеткіші 78 пайызды құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

2025–2026 жылдары тоғыз спорт нысаны пайдалануға берілді.

Жезқазған қаласындағы бай­дарка мен каноэда ескек есу­ші­лерді даярлайтын ма­ман­дандырылған спорт кешенінің құрылысын Ұлытау облысының бюджеті қаржыландырды. Жаңа екі қабатты заманауи ғимарат осы жылдың ақпан айында ресми түрде пайдалануға беріл­ді. Сондай-ақ мектептің мате­риал­дық-техникалық базасын (әлем­дік деңгейдегі жаңа жарыс қа­йықтарын, байдарка, каноэ және арнайы жаттығу құрылғыла­рын) жаңарту да толы­ғымен облыс­тық бюджет есебінен жүзеге асы­рылды. Қаражал қаласындағы жабық жүзу бассейні, Ұлытау ауданының Жезді кентіндегі 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Жаңаарқа ауданының Жаңаарқа кентін­дегі 210 орындық дене шынық­тыру-сауықтыру кешені жергі­лікті бюджет қаражаты есебінен
салынды.

Ұлытау облысының әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасындағы меморандум аясында бес дүркін әлем чемпионы, гроссмейстер Жансая Әбдімәлік атындағы Шахмат академиясы­ның филиалы, Жезқазған қаласын­дағы 320 орындық «Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.

«Қазақстан халқына» қоғам­дық қорымен жасалған мемо­рандум нәтижесінде Сәтбаев қаласында және Жаңа­арқа ауданының Ералиев ауы­лында ангар үлгісінде спорт кешендері салынды.

Ал жеке инвестициялар есебінен бой көтерген «Ulytau Arena» ЖШС Кеңгір ауылында құрастырмалы футбол манежін пайдалануға берді.

Сонымен қатар оқу-жаттығу үдерісіне қолайлы жағдай жасау, спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жалпы сомасы 575 млн теңгеге бес ведомстволық мекемеде ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілген.

Спорт нысандарындағы жөн­деу жұмысын жүргізуге облыс­тық балалар мен жас­өспі­рімдер футбол спорт мек­тебінің «Металлург» стадио­нына – 191 млн; Облыс­тық мамандандырылған олимпиа­далық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі­нің бокс залына – 51 млн; Сәтбаев қаласындағы мамандандырыл­ған олимпиадалық резервтегі ­балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің негізгі базасы «Жастар» спорт сарайына – 81 млн; Жаңаарқа аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі­нің ғимараты мен осы ауданға қарайтын Түгіскен ауылындағы «Қайрат» дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне – 167 млн; Қарсақбай кентінің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратына 85 млн теңге қаражат бөлінген.

Өңірде әлі де спорттық ин­фра­құрылымда өзекті мәселе жетерлік. Ұлытау облысының орталы­ғы Жезқазған қаласында жүзу бас­сейнін, ұлттық спорт түрлерін, оның ішінде ат спортын дамытуға арналған ипподромды, қысқы спорт түрлеріне арналған мұз сарайын, инклюзивті спорт орта­лығын, жабық футбол манежін, дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерін салу қажеттілігі бар.

Сәтбаев қаласында дарын­ды балаларға арналған облыстық ма­ман­дандырылған мектеп-интер­­натты салу жобасы жос­пар­­ланып, оның жобалық-сме­талық құжаттамасын (ЖСҚ) әзірлеу жұмысы жүргізілген. Өңірдегі дарынды жас спортшыларды бір жерде оқытып, кәсіби түрде жаттықтыруға мүм­кіндік беретін мектеп-интер­наттың құрылыс жұмысын қолға ала­тын уақыт келді. Жәйрем кен­тінде жүзу бассейнін, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында қыс­қы спорт түрлерін дамыту мақ­сатында жабық хоккей корттарын салу өте маңызды.

Өткен жылдың мамыр айында Ұлытау ауданының орталығында жабық бассейннің құрылысы басталған. Жоба құны – 1 млрд 150 млн теңге. Қаржы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республика бюджетінен бөлінді. Осыған дейін екі мыңнан астам тұрғыны бар елді мекенде жүзу кешені болмаған. Аумағы 1000 шаршы метр болатын ғимаратта біріншісі 14 жасқа дейінгі, екіншісі 14 жастан жоғары балаларға ар­налған екі бассейн салу жоспарланған. Мердігерлер құрылысты өт­кен жылдың соңына дейін бітіруі керек еді. Енді осы құрылыс жұ­мы­сын қарқынды жүргізу қажет.

Қазіргі уақытта облыста 316 дене шынықтыру-спорт ұжы­мы жұмыс істейді. Онда 77 342 адам спортпен тұрақты түрде шұ­ғылданады. Бұл облыс халқы­ның 37,1 пайызын құрайды. Оның ішінде олимпиадалық, олим­пиадалық емес, ұлттық спорт түр­лерімен және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спортпен шұғылданатын адамдар бар.

Халықты жүйелі түрде спорт­пен шұғылдануға тарту мақса­тында облыста 55 штаттық спорт нұсқаушысы жұмыс істейді. Оның 23-і ауылдық жерлерде қызмет атқарады. Сонымен қатар 18 спорт әдіскері бар, оның ішін­де жетеуі ауылдық жерде тұрады.

Саламатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту мақсатында биылғы жартыжылдықта түрлі деңгейдегі 200-ден астам спорттық іс-шара өткізілді. Атап айтқанда, ел чемпионаттары: волейболдан екі тур, шахмат, үстел теннисі, кураш, сондай-ақ төрт спартакиада: қысқы «Ақ қар», мемлекеттік қызметшілер арасындағы «Ел жанашырлары», мәслихат депутаттары арасындағы және мүм­кіндігі шектеулі жандар ара­сындағы «Жұлдызай» спартакиа­далары ұйымдастырылды. Бұл көрсет­кіш өткен жылмен салыс­тырғанда ­50 іс-шараға артық.

Ұлытау облысы Дене­шынық­тыру және спорт басқар­масының бөлім басшысы Елдос Абдраев:

– Осы жылы Ұлытау облы­сы­ның спорт саласын дамытуға жергілікті бюджеттен 6 млрд 356 млн 256 мың теңге бөлінді. Бұл қаржының 189 млн 768 мың теңгесін – басқарма қызмет­кер­лерінің еңбекақысына, іссапар­ларға, жабдықтар сатып алуға, мемлекеттік қызмет көрсетуге, байланыс қызметіне және өзге де шығыстарға жаратады. 320 млн теңге – облыстың құрама командаларын республикалық және халықаралық жарыстар­ға жіберуге, бір млрд теңге – «Ұлытау» кәсіби футбол клубына, 400 млн теңге – Сәтбаев қаласының балалар мен жас­өспі­рімдер спорт мектебінің Мұз са­райын күрделі жөндеуге, 154 млн теңге – спортшылар мен олардың жаттықтырушылары­на ай сайынғы ақшалай төлемдер­ге жұмсалады. Сонымен қатар облыстағы 12 ведомстволық спорт ұйымын ұстауға  3 млрд 355 млн 125 мың теңге бөлінді, – дейді.

Спорттық инфрақұрылымды дамытып, бұқараның спортпен шұғылдануына қолжетімділікті арттырудың нәтижесінде осы жылдың алғашқы алты айында Ұлытау облысының спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарда 900-ден астам медаль жеңіп алды. Оның ішінде: 385 алтын, 263 күміс, 331 қола медаль. Ресми халықаралық жарыстарда Азия чемпионатында 11 алтын, 12 күміс, әлем чемпионатында 1 кү­місті олжалады. Ауыр атлетикадан облыс спортшысы Берікбол Нұрсыйла былтыр қазан айында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

Ұлытау облысы 

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью