Ұлытау облысында ескек есу мектебі ашылды

22.02.2026

Sputnik.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

АЛМАТЫ, 22 ақпан – Sputnik. Жезқазған қаласында байдарка мен каноэда ескек есушілерді даярлайтын жаңа спорт мектебі пайдалануға берілді, деп хабарлайды Ұлытау облысының әкімдігі.

Заманауи талаптарға сай салынған қос қабатты ғимаратта спортшылардың жан-жақты дайындалуына барлық жағдай қарастырылған. Мұнда теориялық сабақтарға арналған оқу сыныптары, жаттығу залдары, жуыну және киім ауыстыру бөлмелері жабдықталған.

"Осы уақытқа дейін өңір спортшылары аталған спорт түрімен жаз мезгілінде ғана шұғылданса, енді жаңа нысанның ашылуына байланысты жыл бойы жаттығу жасауға мүмкіндік туды. Сонымен қатар қыс мезгілінде ескек есушілердің шаңғы спорты арқылы жалпы дене дайындығын жетілдіруіне де қолайлы жағдай жасалып отыр", - дейді облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Ашылу салтанатында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков ескек есу спортының өңір үшін тарихи маңызы зор екенін атап өтті.

"Ескек есу спорты да аймағымызда өзіндік орны бар, талай дарынды спортшыларды түлеткен сала. Бүгінгі жаңа мектеп – сол игі дәстүрдің жалғасы. Біз жас спортшылардың кәсіби тұрғыда өсуіне, халықаралық ареналарда ел намысын қорғауына барлық қажетті жағдайды жасай береміз", – деді өңір басшысы.

Айта кетейік, Ұлытау облысында бүгінгі таңда 9 жаңа спорт кешені пайдалануға беріліп, спорттық инфрақұрылым 25%-ке жаңартылды.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью