Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Ұлытау облысы құрылғаннан бері өңірде, спорттық инфрақұрылымды дамытуға 14 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Нәтижесінде заманауи денешынықтыру-сауықтыру кешені, шахмат академиясы және балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт академиясы пайдалануға берілді.
Сонымен қатар ауылдық елді мекендерде тұрғындар санына қарай есептелген бірнеше шағын спорт кешендері салынды. Бұл нысандар жергілікті халықтың, әсіресе жастардың спортпен тұрақты түрде шұғылдануына мүмкіндік беріп отыр.
Кеңгір ауылындағы «Ulytau Arena» спорт кешені жақында ғана ашылған. Нысан толықтай жеке инвестиция есебінен салынды. Заманауи кешенде футболдан жаттығу мен жарыс өткізуге жағдай жасалған. Сондай-ақ үстел теннисі мен волейболмен айналысуға болады. Алдағы күндері бокс секциясын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Әлібек Исин, спорт кешенінің қызметкері:
- Спорт кешенінде көрермендерге де орындар бар. Қарастырылған. Командаларға киім ауыстыратын бөлмелері, душ бөлмелері, медициналық кабинеттер бар. Тренерлерге арналған кабинеттер бар. Біз енді мемлекеттік «ArtSport» бағдарламасына қатысуды жоспарлап отырмыз.
Кешенге жақын орналасқан Жезқазған мен Сәтбаев қалаларынан да спортшылар келеді. Бұдан бөлек, облыстың футбол командасы және басқа да спорт ұйымдарының спортшылары жаттығады.
Әділет Нығметов, футбол клубының мүшесі:
- Бұл алаң бізге өте ыңғайлы. Стадионнан бізді транспортымыз бар, яғни көлікпен алып келеді. Бұл арена өте тамаша, қыста жылы болады. Одан бөлек, алаң сапасы тамаша. Жаңадан салынған алаң.
Облыс құрылғалы өңірде инвестиция есебінен алты спорт нысаны салынды. Жезқазғанда «Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешені, шахмат академиясы, Сәтбаев пен Жаңаарқа ауданында жылдам тұрғызылатын шағын спорт кешендері ашылды. Жақын күндері облыс орталығында балалар мен жасөспірімдер спорт академиясы жұмысын бастайды. Бұдан бөлек, облысқа қарасты қала-аудандарда бюджет қарсысы есебінен жабық бассейн мен хоккей корттары салынуда.
Елдос Абдраев, Дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы:
- Осы жылы Жезқазған қаласында мұз айдыны мен 50 метрлік жабық жүзу бассейні құрылысы және Сәтбаев қаласында дарынды балаларға арналған мектеп-интернат құрылысы соғу жоспарлануда. Сонымен қатар Қаражал қаласы, Жәйрем кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталатыны жоспарлануда.
Өңірде спортпен шұғылданатындар қатары өсіп келеді. Шамамен 80 мың адам, яғни өңір тұрғындарының 37 пайызы бұқаралық спортқа тартылған. Ал балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде сегіз мыңнан астам оқушы жаттығады.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев